Көксу қант зауытына өнім өткізу үшін кезек тұрған көліктер тізбегі шамамен 2 шақырымға созылған
Талдықорған-Алматы күре жолының бойындағы көліктер тізбегі шамамен 2 шақырымға созылған. Олар – Көксу қант зауытына өнім өткізу үшін кезек күтіп тұрған шаруалар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жүргізушілер қара суықта көлік ішінде тамақтанып, осында қонып жатыр. Солардың бірі – Жасұлан Басшыбаев. Ол Қаратал ауданынан келген ол «ұзын-сонар кезекте тұру қып-қызыл шығын» дейді. Күнделікті тамағын қоспағанда күні-түні оталып тұратын техниканың жағатын жанармайының 100 литрден асып кетеді. Ал шаруаның қар астында қалған әлі 150 тонна қант қызылшасы бар.
"Түнде кетіп қалайын десең тағы қорқасың. Ұрлап кете ме деп. Үйге 3-4 күнде барамыз. Қазір ауа райы да жылы емес, дала суық. Зауыт қабылдамай жатыр", – деді шаруа Жасұлан Басшыбаев.
Кептеліс басталғанда жауаптылар арнайы кесте құрып, мәселені шештік деп есеп берген. Көксу зауыты күніне 4 мың тоннаға дейін өнім қабылдауға келіскен. Десе де күре жолда әлі қызылша тиеген трактор мен камаз толып тұр.
"Үш күннен бері кезекте тұрмыз, далада қонамыз. Күніне 1-1,5 км жүреміз. Жанармай жағып жатырмыз. Тамақты бірге алып келеміз", – деді жүргізуші Бекжігіт Сәмбетов.
Шенеуніктер өнім өткізуде туындаған проблеманы зауытта шикізат қабылдау орнының толып кетуімен байланыстырады.
"Қызылша 80 пайыз 526 мың тонна жиналды. Ауа райының қолайсыздығынан және екі зауыттың қызылша қабылдау мүмкіндігіне қарай кептеліс бар. Жамбыл облысынан келетін қызылшаны тоқтатып қойдық", – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампықов.
Бұл мәселені Мәжіліс депутаттары да көтерді. Депутат Серік Егізбаев жауапты ведомство өкілдері түйткілдің шешу жолдарын қарастыру қажет екенін жеткізді. Биыл Жетісу облысында 13 мың 700 гектарға қант қызылшасы егілген.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан
Оқи отырыңыз: Биыл елімізде жол апатынан 2 мың адам мерт болды