Зиянкестер Жамбыл және Түркістан облыстарында көп таралған
Биыл шегірткелер 2 миллионнан астам гектар жерге қауіп төндіріп тұр. Зиянкестер Жамбыл және Түркістан облыстарында көп таралған. Бұл туралы Үкіметте Ауыл шаруашылығы министрі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, шегіртке жайлаған аумақ өткен жылмен салыстырғанда биыл 1 миллион гектарға аз. Ал жәндіктерден қорғануға республикалық бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінген. Министрдің есебін тыңдаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов аталған екі өңірді бақылауға алуды тапсырды.
«Осы мәселе бойынша өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, сапалы мониторингті, профилактикалық және қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Дәл қазіргі сәтте Түркістан және Жамбыл облыстарына көңіл бөліңіздер», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Министр Айдарбек Сапаров шегірткемен күреске 443 техника мен 4 мың 625 маман жұмылдырылғанын жеткізді. Олар Жамбыл облысында 28 мыңға тарта, ал Түркістан облысында 364 мың гектарға жуық аумақты өңдеген. Сондай-ақ Өзбекстанда да зиянкестермен күрес қарқын алған. Көрші ел әзірге шегірткенің 50 пайызын ғана жойған. Министр олардан бізге келер қауіп жоқ деп сендіріп отыр.
«Түркістан облысына 90 пайыз жұмысты жасап тастадық. 10 пайыз қалды. Өзбекстанда басталғаны 50 пайызы жасады, 50 пайызын бітіреді. Сондықтан бұл жерде ешқандай қауіп жоқ. Күнделікті жұмыста біз оны бақылауда ұстаймыз. Шекарада басталып кететін болса, өзіміздің техникамыз да дайын тұр Ұшақ, дрондар сол жерде тұр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Оқи отырыңыз: Үкімет егіс алқаптарын бақылайтын дрон сатып алуға қаржы бөлді