Шерзат Полат ісі: оқиға орнында көліктен қандай айғақ табылды

21.05.2025 19:12

Дидар Қалиахметтің айтуынша, дүкенге сыра алуға барған ол болған оқиғаға тек куә болған

«Шерзатқа қолымның ұшы да тимеді». Шерзат Полаттың ісінде басты айыпталушы ретінде танылған Абзал Шынасыл сот отырысында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сотталушы марқұмға пышақ сұқпағанын, бастапқыда кінәні мойындауға мәжбүр болғанын жеткізді. Бірақ ол Нұрғанат Ғайыпбаевқа суық қару сілтегенін айтып отыр. Айыпталушы қол іздері қалмауы үшін пышақты сүрткенін де жасырмады.

Абзал Шынасылға «Адам өлтіру», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», сондай-ақ «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау» баптары бойынша айып тағылған. Сотталушының сөзінше, төбелес кезінде Нұрғанат Ғайыпбаев оларға қарсы мылтық атыпты. «Сондықтан үш мәрте жамбас тұсына пышақ сұғып алдым», - деп мойындады ол. Кейін айыпталушылар өзара ақылдаса келе, Абзал Шынасыл Шерзатқа суық қару сілтегенін мойнына алады деген шешімге келіпті-мыс.

«Қонаевқа келдік уақытша ұстау изоляторына келгенде сөйлесіп үлгеріп қалдық. Тоқтаубаев Нұрбол «сенде пышақ болды» ғой деді. Сол кезде көп ойланған жоқпын, мойныма Шерзатты алдым. Бірақ Нұрғанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болып шештік. Бәріміз келістік», – деді айыпталушы Абзал Шынасыл.

Ал түстен кейін соңғы сотталушы Дидар Қалиахмет түсінік берді. Ол Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі, яғни «бұзақылық» бабы бойынша айыпталып отыр. Сөзінше, дүкенге сыра алуға барған ол болған оқиғаға тек куә болған. Тіпті полицияға түсінік беруге өзі барғанын алға тартты.  Алайда төбелеске қатыспадым, мұндағы айыпталушылармен де етене жақын араласпағанын айтты.  

«Қаржаубай ағалардан кешірім сұраймын. Қаза қайырлы болсын. Қаржаубай аға өткендегі сот отырысында «Дидарды көрдім, бірақ іс-әрекетін байқамадым» деді. Әлі күнге дейін өкінемін, сол кезде неге көмектеспедім? Неге 102, 103-ке звондағаным?» – деді айыпталушы.

Айыпталушылардан жауап алу аяқталғаннан кейін Шерзат Полаттың мәйітіне қатысты мән-жай  анықталды.  Мемлекеттік айыптаушы анықталған жарақаттарды тізбектеді.

«Оң жақ бетінде қызыл-қоңыр түсті қан дағы және көгерген іздер бар. Мәйіттің үстіңгі ернінде қызыл-қоңыр түсті қан дақтары бар. Сол қолының бесінші саусағында 1 сантиметр құрайтын жарақат бар. Мәйіттің оң қолының білек тұсында 2 сантиметр болатын жарақат орны бар. Мәйіттің арқасының сол жақ қабырға тұсында 2-2,5 сантиметр өткір затпен сұғылмалы кесілген жарақат орны бар. Мәйітті қараған кезде, көзге көрінетін басқа да дене жарақаттары анықталмады», – деді мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.

Мемлекеттік айыптаушы оқиға орнында болған көліктен табылған айғақтар жөнінде де айтты. Мәлім болғандай, көлік құралының терезелерінде сынған және тесілген іздер бар. Ал автокөліктен айғақ ретінде 3 тас табылған. Сондай-ақ прокурор оқиға болған жерді қарап-тексеру жұмыстарының нәтижесін де оқып шықты. Бұған қоса, сот отырысында сол түні оқиға болған жерде Дархан Әскентай мен Нұрбол Тоқтаубаевтың берген түсінігі көпке көрсетілді.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек