Екі айға жуық жүрген процесте 9 адамға түрлі бап бойынша кінә тағылып отыр
Бүгін сағат 16:00-де Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе сот айыпталушыларға соңғы үкім шығарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Екі айға жуық жүрген процесте 9 адамға түрлі бап бойынша кінә тағылып отыр. Соңғы отырыста мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің өліміне жауапты деп айыпталған сотталушыға ең жоғары жаза тағайындауды сұрады.
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ғимаратында өтетін процесс бір сағаттан соң басталады. Сот алдында бұқаралық ақпарат құралдары мен қос тараптың туыстары мен қорғаушылары жиналып отыр.
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісі сотта 2 ай қаралды. Осыған дейін прокурор айыпталушыларға 1 жыл 6 айдан 23 жылға дейінгі жаза сұраған еді.
Шерзаттың өліміне басты күдікті ретінде танылған Абзал Шынасыл өзіне тағылған айыпты негізсіз деп, тек Нұрғанат Ғайыпбаевтың жамбасына үш рет пышақ жарақатын салдым деді. Қалған айыпталушыларға қылмыс туралы хабарламау, бұзақылық, қаруды заңсыз сақтау баптарымен кінә артылған.
Соттың қандай үкім шығаратыны жайлы бір сағаттан соң білетін боламыз. Ал жәбірленушілердің туыстарының, қарсы тараптың шешімге қатысты пікірін толық кешкі жаңалықтардан көресіздер.
Оқи отырыңыз: Оқушы қызды жезөкшелікке мәжбүрлеу ісі: сотталғандарға шыққан үкім өзгеріссіз қалды