Шерзаттың ісі: күдікті Азамат Тоқтаубаев өтірік айғақ бергенін мойындады

16.05.2025 14:01

Айыпталушының Думан Ысқақтың айтуынша, Қаржаубаймен ешқандай келіспеушілік болмаған

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратындағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында күдікті Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекеттік айыптаушы «Қамажай» дүкенінің алдында түсірілген бейнежазбадағы Азамат Тоқтаубаевтың іс-қимылына мән берді.

Айыпталушының сөзінше, кикілжің барысында Дархан Әскентайға ашулы болған. Сондықтан осы жағдай бойынша өтірік айғақ берген.

«Дархан жайлы қарама-қайшы жалған айғақ бердім. Себебі ол кезде Дарханға ашулы едім. Бізбен бірге жазаға тартылсын деп өзіммен бірге ала кеткім келді. Дарханның қатысы жоқ, ол ешкімді ұрмады, қолында ешқандай пышақ болған жоқ. Мен өтірік айғақ бердім, сол үшін қазір өкінемін», — деді Азамат Тоқтаубаев.

Айта кетейін, Тоқтаубаев бұдан бұрын да сотты болып, қайғылы оқиға тіркелген күні үйқамақта отыруы керек еді. Айыпталушы 2023 жылдың желтоқсанында істі атаныпты. Ал Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе Азамат Тоқтаубаевқа «Бұзақылық» және «ұрлық» бабымен айып тағылған.

«Мүлде шығуға болмайтынын білем, үйқамақта бұлтартпау шарасын бұздым, оны құқықбұзушылық деп танысаңыздар, таныңыздар. Үйден шықпасам, ондай жағдай болмас еді.

– Онда неге шықтыңыз?

«Өзімнің денсаулығыма байланысты дәріханаға және кішкентай балама жөргек алу үшін түсуге мәжбүр болдым, құрметті прокурор. Түнде, түнгі уақытта», — деді айыпталушы Азамат Тоқтаубаев

Сондай-ақ сот отырысында кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақтан жауап алынды. 2007 жылы туған ол Қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни, қылмысты жасыру бойынша айыпталып отыр.

Думан Ысқақтың айтуынша, Нұрбол Тоқтаубаев «ішімдік ішіп алып едім, көлік жүргізетін ешкім жоқ» деп көмектесуін өтінген.

«Үлкен кісі болған соң, өз еркіммен келістім. Рысқұлов ауылынан Талғар ауылына келдік. Нұрбол «досым Азаматты апарып тастаған соң сені таксиге отырғызып жіберемін» деді. Нұрбол жолда Шыңғыс Белғожаевқа қай жерде екенін білу үшін хабарласып, сол жерге баратынымызды айтты. Мейрамхана алдында Дархан деген досын ұрып кеткенін айтып, сол жерге барамыз деді. Оқиға басталғанда «Нұрбол аға, бәрі тыныш екен ғой, үйге қайтайықшы» деп өтіндім, — деді сотта Думан. 

Ол өз сөзінде Шынасыл Абзалдың пышақ сүртіп отырғанын көріп, көлікте мылтықтың тұрғанын айтты.

Айыпталушының айтуынша, Қаржаубаймен ешқандай келіспеушілік болмаған.

Адвокаттың сұрағына жауап берген сотталушы Думан Ысқақ кінәсін мойындамайтынын айтты.  

Тағы бір айыпталушы Дидар Қалиахмет жауап беруге дайын емес екенін жеткізіп, жауап беруден бас тартқан. Одан соң сот алдында Нұрқияс Ілиясов түсінік берді. Айтуынша, мән-жайды анықтамақ болған оған бірінші Шерзат жұдырық жұмсапты-мыс. Сол сәтте Қаржаубай Нұрымов дүкеннен пышақ алып шығып, мылтықтың да даусы естілген. 

«Бәрің тоқтаңдар, атам бәріңді дейді. «Е, бауырым таста мылтығыңды» деп бара жатқанда, Шерзат марқұм білмеймін құлап жатты ма, сол кезде Нұрқанат барып көтеріп жатқан моментте мылтығын астынан жұлып үлгердім да, прикладпен екі мәрте ұрып жібердім», – деді айыпталушы Нұрқияс Ілиясов.

Еске салайық, Ержан Жанұзақов блогерлерге және әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады