Шешімін таппаған мәселе: Қоянқұс ауылының тұрғындары сасық иіске тұншығуда

Алатау қалалық әкімдігі де қолқаны қабатын иістің біраз жылдан бері мазалағанын мойындайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы Қоянқұс ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері қолқаны қабатын жағымсыз иіспен күресіп келеді. Әсіресе жаз мезгілі басталғанда, елдің тыныс алуы тіпті қиындай түседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде екі апта бұрын тараған бейнежазбада Қоянқұс ауылының тұрғыны ауыл ішіндегі жағдайға алаңдаушылық білдірген. Видеода ол ауладағы жағымсыз иістің мүңкіп, арық бойымен кәріз суларының ағып жатқанын айтқан. Бейнежазбадан лай су бетіндегі қаптап кеткен құрттарды да аңғаруға болады. Ауыл халқының айтуынша, бұл мәселе кеше мен бүгіннің шаруасы емес. Соңғы 2 жыл бойы 6,5 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекенде кешқұрым ауа тарылып, жұрт сасық иіске тұншығады.

«Сасық иіс жауын күндері, жел соққан кезде қолқаны қабады. Түнге қарай, тыныс алу мүмкін емес», – деді Қоянқұс ауылының тұрғыны Самат Алтынбеков.

 «Сасық иіс, қайдан келіп жатыр, білмейміз? Жел соққанда тұншығып қаламыз», – деді Қоянқұс ауылының тұрғыны Гүлжиян Нұрғалиева.

Ал санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының мәлімдеуінше, Қоянқұстағы сасық иіске қатысты тексеріс соңғы үш жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Алайда қанша бақылау жасалғанымен, қолқаны қабатын иістің нақты қай жерден шығатыны әлі күнге беймәлім.

«Іле ауданында алты бірдей өнеркәсіп нысаны бар. Иістің қайсысынан таралып жатқанын тап басып айту қиын. Алатау қаласының құрылғанына бір жылдан асты. Сол себепті жұмысқа енді кірісіп жатырмыз. Ал әлеуметтік желіде тараған лай шалшықтағы құрттары бар суға сынама жүргізілді. Одан адам денсаулығына зиянды заттар анықталмады», – деді Алатау қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сәкен Сахитов.

Алатау қалалық әкімдігі де қолқаны қабатын иістің біраз жылдан бері мазалағанын мойындайды. Жергілікті билік оның нақты қайдан келіп жатқаны анықталса, мәселе дереу шешіледі деп сендіріп отыр. Әзірге әкімдік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысын күтіп отыр.

«Иіс жел соққан кезде, кешкі уақытта шығады.  СЭС мамандары нақты орнын анықтауда. Қорытындысына сай, Экология департаментіне хат жолдайды. Олар тиісті шаралар қабылдайды. Айыппұл немесе аталған мекемеге толықтай жабу сәлесін қарастырады», – деді Алатау қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Асхат Жексенбеков.

Жауапты мамандар мәселе кезең-кезеңімен шешіледі десе де, Қоянқұс тұрғындары екі жылдан бері не іс-әрекет жоқ, не нақты уәде жоқ деп налиды. Көпшілік бұл жолы тірлік бітпесе, құқық қорғау органдарына, тіпті Бас прокуратураға шағымдануға бекініп отыр.

Мәди Мәлік, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Балалар суға ағып, көз жұмды: Тараздың ортасынан өтетін су каналы неге қоршалмаған

Новости партнеров