Шетелден көлік әкелуге шектеу қойылды ма

03.12.2024 19:42

1 желтоқсаннан бастап енгізілген өзгерістер көлеңкелі бизнеспен айналысып жүргендерді ресми тіркеуге мүмкіндік бермек

Қазақстанға шетелден бір адам жалғыз өзіне 800-ге жуық көлік әкеп, тіркеген. Дәл осындай деректер жыл сайын қайталанып келген екен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сол себептен жеке тұлғаның басқа мемлекеттен темір тұлпар әкелуіне шектеу қойылу мәселесі қарастырылады. Анықталғаны, мұндай ереже 2015 жылдан бері бар. Ал, 1 желтоқсаннан бастап енгізілген өзгерістер көлеңкелі бизнеспен айналысып жүргендерді ресми тіркеуге мүмкіндік бермек.  

Аманжол Нұрдыбайұлы шетелден көлік алғысы келетіндерге көмектесумен айналысады. Яғни, Қазақстаннан он шақты адамды апарып, машина таңдасып, елге оралуға септеседі. Клиенттерінің арасында бір барғанда бірнеше көлік алып келетіндер бар екен. Қазақстанға шетелден автомобиль кіргізу ережесі шыққалы бері мұндайлардың жұмысы тоқтапты. Өйткені, шекараның арғы жағынан автомобиль алғысы келетіндер күрт азайған.

Енді ойын-сауық орталықтарының автотұрақтарында темір тұлпар жинап, «алғашқы жарнасыз», «кез келген кредиттік тарихпен» машина рәсімдеп береміз деп жарнама жасайтын шағын автосалондарға тықыр таянды. Егер, кәсіпкер болып тіркелсе, мәселе жоқ. Ал, жеке тұлға ретінде мыңдаған машинаны Қазақстанға кіргізіп саудаласа, ол заңсыз деп есептелмек. 1 желтоқсаннан бастап күшіне енген ереже заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындармен күресуге бағытталған екен. 

«Мен сіздерге екі мәселені түсіндіргім келеді. Елге автомобильдерді әкелу ережесі 2015 жылдан бастап күшінде. Яғни, ережелерде ешқандай өзгерістер болған жоқ. Екіншіден, мен екі фактіні келтірейін. 2023 жылы бізде бір адам 793 көлік алған жағдай тіркелді. 34 адам, бізде 100-ден астам көлікті шет елден әкелген. Яғни, барлық белгі бойынша олар кәсіпкерлік қызметпен айналысады. 100 машинаны, 793 машинаны бір адам өзі ғана тебу үшін әкелмейтіні анық. Бірақ егер олар бизнеспен айналысатын болса, онда жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, мемлекеттің заңды талаптарын айналып өтуге тырыспай, ресми түрде кәсіпкер болып тіркелсін», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

1 желтоқсаннан бастап күшіне енген ереже бойынша Қазақстанға шығарылғанына үш жыл толмаған немесе қолданыстағы көлікті шетелден кіргізу үшін оның сериясын растайтын құжатыңыз болуы керек. Ол бір жапырақ қағаз тек ресми дистрибьютерге беріледі. Ал, үш жылдан ескі машинаны әкелем десеңіз, кедендік тариф төлеуге міндеттелесіз. Бұрын жалпы негізде 15 пайыз болса, енді жеке тұлға үшін бұл мөлшерлеме 48 пайызға жетті.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жаңаарқа ауданының бұрынғы әкімі жұмысшысын ұрып өлтірді деген күдікке ілінді