Шетелдік 42 ЖОО грантын ұтып алған түлектің ұстазына көлік сыйға тартылды

05.10.2024 10:45

Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістанда ұстаздарға кәсіби мерекелері қарсаңында құрмет көрсетілді. Облыс әкімі шәкірті шетелдік жоғары оқу орындарына 42 грант ұтып алған ұстазға көлік сыйлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұстаздар күні мерекесі құрметіне өткен “Ұстазыма мың алғыс!” атты салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. Оның ішінде 10 ұстаз “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі мен 20 педагог “Құрмет грамотасын” алып, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылды.

” Көпшілікті таңғалдырған кеш тосынсыймен жалғасты. Дархан Амангелдіұлы айрықша еңбегімен көзге түскен ұстазды ерекше марапаттады. Шәкірті 42 елдің оқу орындарынан шақырту алған “Түркістан Білім-инновация” лицейінің география пәнінің мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына облыстың атын елімізден бөлек, әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін табыстады. Оның шәкірті Ислам Әбдірахманов қазір АҚШ-та оқып жатыр”, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Республикадағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында. Жаңа оқу жылында өңірде 1-сыныпқа 52 мыңнан астам оқушы қабылданды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ марапатын иеленді