Шетелдіктер көп қызығады: Атырауда әкелі-балалы шеберлер 3 мыңнан астам домбыра жасаған

20.09.2024 14:25

Бүгінде ұлттық аспапқа деген сұраныс аз емес

Аlmaty.tv

«Ұлт мұрасы ұлықталған сайын ұлттық аспапқа деген сұраныс көбейе береді». Осылай деген атыраулық шебер қос ішекті аспапқа қазақтан бөлек, шетелдік саяхатшылар да қызығатын болғанын айтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ағаштан түйін түйген Нұрлыбек бекзат өнерді әкесінен үйренген. Домбыраны кәсіби түрде меңгерген шебер әр аспапты асқан ұқыптылықпен тексереді. Дайын болған қос ішекті домбырада алдымен өзі ойнап көреді екен. Нұрлыбек қазір бар білгенін баласына үйретіп жүр. Қасындағы серігіне айналған ұлымен бірігіп «болашақта фабрика ашсақ» деген ниеттері де жоқ емес.

«Домбыра жасағанда басында дыбысына мән береміз. Дыбыс таза шығуы керек. Артық дыбыс болмауы керек. Бұрын аз жасайтынбыз. Қазір санын көбейттік, басқа қалаларға музыкалық мектептерге сұраныс көп. Көп жағдайда музыка пәндерінің мұғалімдері тапсырыс беріп жатады. Құлсары, Бейнеу, Оралдан сұраныс жоғары», - дейді шебер Нұрлыбек Бисенбаев.

Бүгінде ұлттық аспапқа деген сұраныс аз емес. Әсіресе, шетелдіктерден өтініш көп түседі дейді шебер. Қазір толық автоматтандырылған шағын цехта 5 адам жұмыс істейді. Олар айналасы жеті жылдың ішінде 3 мыңнан аса домбыра дайындап шығарған. Шеберлер көбінесе қайың мен қарағайды пайдаланады екен. Мұндағы бар жұмыс ата мұрасын жалғасам деген ниеті бар 9 жастағы Нұртөренің де аспапты үйренуіне мұрындық болыпты.

«Осы жерде ою кесіледі. Біздер оюды қолдан кеспейміз, осы жерден кесеміз. Өскен кезде әкем сияқты шебер боламын», - дейді Н. Бисенбаевтың ұлы Нұртөре Нұрлыбекұлы.

Ұлттық құндылықты кәсіппен ұштастырған әкелі-балалы Бейсенбаевтардың жоспары ауқымды. Бұған дейін де біршама ауқымды қызмет істеген олар енді айына 500 домбыра дайындайтын үлкен цех ашуды көздеп отыр. Осылайша, ұлттық аспаптың өндірісін жаңа белеске көтерсек дейді.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан