Шомылу маусымы: Қапшағай жағажайларында қауіпсіздік күшейді

24.07.2025 19:23

Әр жүз метр сайын бақылау мұнарасы, күндіз-түні судағы қауіпсіздікті түсіретін бейнекамералар, арнайы белгілер мен тақтайшалар орнатылған

Шомылу маусымы басталғалы елде 75 адам суға батып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаздың аптап ыстығында тынығуға таптырмас мекен – Қапшағай. Алматы облысында орналасқан аймақ – еліміздің туризмін дамытып отырған негізгі бағыттардың бірі. Жұмыс күніне қарамастан, адам қарасы қалың.

Бұл – Қонаевтағы нөмірі бесінші қалалық жағажай. Аумағы бір шақырымнан асады. Мұнда әр жүз метр сайын бақылау мұнарасы, күндіз-түні судағы қауіпсіздікті түсіретін бейнекамералар, арнайы белгілер мен тақтайшалар орнатылған. Мамандардың айтуынша, демалуға келетін көпшілік ережелерді сақтамай, алысқа ұзап кетеді. Кейбірі тіпті, дабыл белгісін де елемейді. Салдарынан, бүгінге дейін елуге жуық адам суға батып, құтқарушылар алып шыққан.

«5-6 жанұя бірігіп келеді. Солардың ішінде 12 жастағы балаға қалған баласын жинап, тапсырып қояды. Ондай уақыттарда кішкентай балалар көп жоғалады. Жұма, сенбі, жексенбіде орта есеппен 50 бала табылып, ата-аналардың қолына беріледі. Соңғы 4 күннің ішінде 5 оқиға орын алды. Суға батып кете жаздады, біреуін жедел жәрдемге тапсырдық», – деді құтқару қызметінің жетекшісі Ерік Байдәулетов.

Шомылу маусымы басталғалы Қапшағайға 900 мыңнан астам адам келген. Көпшілікке 140-тан аса демалыс орны қызмет көрсетеді. Қалалық әкімдік өкілінің сөзінше, былтыр бірқатар жағалауға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халыққа қолайлы жағдай жасалыпты.

«Демалушыларға жағдай жасалған. Балалар, волейбол, футбол алаңдары бар. Қазіргі таңда коммуналдық меншікте 7 жағажай бар. Қазір бесінші жағажайда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді 6,7- жағажайдың жобасы жасалып жатыр», – деді «Қонаев тұрғын үй» ЖШС директорының орынбасары Қанат Қалиев.

Атқарылған жұмыс расымен халықтың қолайлы демалысына оң әсер етті ме, мұны маңайдағы ағайынның өзінен сұрап көрдік. Дені Қапшағайдағы қауіпсіздіктің сақталғанын айтты. Аймақтың былтырғымен салыстырғанда едәуір тазарып, жөндеудің жақсы нәтиже көрсеткені де көптің көңілінен шығыпты. Дегенмен, ел ескерген бір мәселе бар: мұндағы шатырды жалға беру құны мен дәмхана, дүкен сияқты орындардағы қызмет қалтаны қағатын көрінеді.

«Қапшағайға Тараздан бірінші рет отбасымызбен келіп отырмыз. Сонау. Күшті, ұнап жатыр. Қауіпсіздік ережесін сағат сайын, минут сайын айтып жатыр», – деді демалушы Гүлмаржан Жүнісбекова.

«Қауіпсіздік ережелері жақсы сақталып жатыр. Бірақ бағасы қымбат. Бұл жерге қарапайым халық келеді. Тазалап тұрады, рахмет», – деді демалушы Жанна Әзірбекова.

Қапшағайда бірнеше апаттың болғанын жақсы білеміз. Адам өлімімен аяқталған жайт та жұрттың зәресін алған. Жағалауда қауіпсіздік күшейген. Күнделікті рейдтер ұйымдастырылып, балаларға қауіпсіздік ережелері жазылған парақшалар таратылады. Ал мамандар  «өмір үшін ең алдымен әркімнің өзі жауап беруі керек» дейді.

Диана Тұрлыбек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматылықтарды жылы сумен қамтамасыз етіп жүрген жанның бір күні қалай өтеді