Алматылықтарды жылы сумен қамтамасыз етіп жүрген жанның бір күні қалай өтеді

Құралбай Бейсенбайұлы 40 жылдың ішінде талай жылу маусымының сәтті өтуіне атсалысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еңбегімен еленген, дарынымен дараланған жандар көп біздің қоғамда. Олар түрлі салада қызмет етіп, ел игілігі үшін аянбай тер төгеді. Қатарында қаланың жылу жүйесіне жауап беретін мамандар да бар. Қысы-жазы тыным таппайтын жұмысшылардың бір күні қалай өтеді? Күн тәртібінде не қамтылады?

Almaty.tv тілшісі қызметі құрметке лайық жанмен тілдесіп көрді.  

Қала тұрғындарының қыста жылусыз қалмауы үшін тер төгіп жүрген жанның бірі – Құралбай Бейсенбайұлы. Оның бұл салаға келгеніне 40 жылдың жүзі болған. Еңбек жолын 1984 жылы слесарь қызметінен бастаған ол бүгінде ұжымды басқарады. Кәсіби маман әріптестерімен бірге жылыту маусымына дайындық жүргізіп жатыр. Таңнан кешке дейін жабдықтарды жаңартып, ақауы бар қондырғыларды ретке келтіреді.  

«Жұмысымыз жылу орталығынан келген ыстық судың жылдамдығын, қысымын тексеріп, қалаға тарқатамыз. Суды бірқалыпты жіберу үшін сорғы насостар жұмыс істейд», – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС цехының басшысы Құралбай Қаныбеков.

40 жылдың ішінде Құралбай Бейсенбайұлы талай жылу маусымының сәтті өтуіне атсалысты. Әлі де сол ісін жалғап келе жатқан маман қазіргі таңда 3 бригадаға жетекшілік етеді. Қарамағындағы 68 сорғы стансасы мен 5 жылу пунктінің жұмысын бақылайды. Ал білгенін үйретуден, тәжірибесін бөлісуден еш шаршамайтын оны қызметкерлердің жасы да жасамысы да ерекше құрметтейді.

«Өте білгір, оқыған адам. Жұмысшылармен тіл табыса біледі. Қай сорғы істен шығып тұр, білмегенімізді айтып, көмектесуден жалықпайды», – деді Қ. Қаныбековтің әріптесі Сабыр Тәуекелұлы.

Ортасына сыйлы бола білген Құралбай Бейсенбайұлы үшін оның күнделікті атқаратын ісі өмір салтына айналып үлгерген. Қызметте адал әрі талапшыл ол жастарға қолдау көрсете білетін ұстаздығымен де танылған.

«Бұл салада ең бастысы төзімділік, шыдамдылық керек. Ыстығы да, суығы да бар. Қаламыз өсіп, еліміз көркейіп келеді. Мамандар керек, жас мамандарды, жастарымызды тәрбиелеуге әзірміз», – деді Құралбай Қаныбеков.

Оның еселі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2024 жылы Құралбай Қаныбековке «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Бұл марапат – ұжым атынан айтылған алғыс, қоғам атынан жеткізілген ризашылық белгісі іспетті. Себебі бір салаға өмірін арнаған, ісіне жауапкершілікпен қараған жан – нағыз еңбек адамы.

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Ақ халаттыларға күш көрсеткендер 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

Новости партнеров