Шомылу маусымы: Түркістан облысында 21 адам суға батып кетті

06.05.2025 19:46

Биыл рұқсат етілмеген жерде суға түспек болған 10 адамның әрқайсына 137 мың теңге көлемінде айыппұл салынған

Түркістан облысында шомылу маусымы басталмай жатып, 21 адам суға кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаза болғандардың сегізі қаршадай бала. Сондай-ақ Өзбекстанмен шекаралас су арналары арқылы тағы 2 мәйіт ағып келіпті. Ал ата-анасының қарауынсыз қалған 3 сәби септик пен канал-арықтарға батқан. Қазір судағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында жергілікті төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатыр. Мамандар ай сайын каналдар мен арықтарда, жағалау маңында арнайы рейд ұйымдастыруға көшті.

Айта кетейік, биыл рұқсат етілмеген жерде суға түспек болған 10 адамның әрқайсына 137 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Су айдындарында еріктілермен, полициямен рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Рейдтік шаралар барысында көптеген жағдай анықталып жатыр. Айыппұлдар салынды. Шомылу маусымы 1 маусым да басталады, 30 тамызға дейін суға шомылуға болады», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразкелді Дүйсен.

Оқи отырыңыз: Шерзат Полаттың ісі: Дархан Әскентай өзге айыпталушылардың ешқайсысын танымайтынын айтты