Жолаушылар аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайтын болады
Семейден еліміздің ірі қалаларына қатынайтын әуе рейстерінің саны артып келеді. Жазғы туристік маусымға орай 2 маусымнан «Шымкент-Семей-Шымкент» бағытында сыйымдылығы 180 орындық «Airbus А320» ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастады. Жолаушылар аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайтын болады. Шымкенттен Семейге ұшу уақыты – кешкі сағат 17:00-де, Семейден Шымкентте ұшу – кешкі сағат 19:00-де.
Жазғы маусымдық әуе рейсінің ашылуы өңірге туристер тартуға мүмкіндік береді. Жолаушылар енді облыстағы республикалық киелі орындар тізіміне енген Қоңыр Әулие үңгірі, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы, Ырғызбай әулие кесенесі, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек» ескерткіштері, Алакөл мен Шошқалы секілді тарихи және табиғи орындарды тамашалау мүмкіндігіне ие болады.
«Шымкент-Семей-Шымкент» бағытындағы рейстің ашылғанын тұрғындар қуанышпен қабылдады.
«Бұл рейс халыққа өте ыңғайлы. Пойызбен бірнеше тәулік жүрудің қажеті жоқ. Айналасы бір жарым сағатта Семейге жетіп аламыз. Жаз мезгілінде демалуға келсең де өте қолайлы», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нұрлан Әділханов.
Қазіргі уақытта Семей қаласынан «Семей – Алматы», «Семей – Астана», «Семей – Үржар», «Семей – Шымкент» бағыттары бойынша әуе рейстері орындалуда.
Оқи отырыңыз: Биыл отандық тауар өндірушілердің тізілімі қайта жасалады