Жылан шаққаннан кейін тері қызарып, ісіп, дене қызып, аяқ-қол ұйып не құрысып, тамақ кеуіп кетсе, бірден дәрігердің көмегіне жүгіну қажет
Шымкентте баланы жылан шағып алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі otyrar.kz-ке cілтеме жасап.
Жыландар шымкенттіктердің үй-жайы мен көліктеріне кіре бастаған. Құтқарушылар жыландарды ұстап, қала шетіне тасып жатыр. Мамандар улы болмаса да жылан шағып алса түбі өлімге әкелуі мүмкін дейді. Ресми ақпаратқа қарағанда, қалада бір баланы жылап шағып, ауруханаға түскен.
Күн ысығалы Шымкентте жылан көбейген. Бауырымен жорғалаушылар тұрғын үйлер мен аулаларда жиі кездеседі. Мысалы биыл құтқарушылар 25 рет жылан аулауға шыққан. Ал былтыр 16 шақырту түскен. Жыландар тек аулаларда емес, сарайлар мен гараждардан, тіпті көліктерден де табылған.
Құтқарушылар ұстаған жыландардың дені улы емес. Десе де адамды шақса оның өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Биыл бір баланы жылан шағып, ауруханаға түскен. Жылан шағуы адам тамырының жұмысын бұзады, дене ісіп, тері қызарып, қышиды.
"Орталықта жылан уына қарсы сарысу бар. Егер науқастың жағдайы ауыр болса, бірден екпе саламыз. Жылан шаққан адам дер кезінде медициналық көмек алмаса соңы өлімге әкелуі мүмкін", - дейді О.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Жылан шаққаннан кейін тері қызарып, ісіп, дене қызып, аяқ-қол ұйып не құрысып, тамақ кеуіп кетсе, бірден дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.
Оқи отырыңыз: Еңбек кубогы: Алматыда колледж оқытушылары арасында турнир басталды