Шымкентте бір жасар бала 4 сантиметрлік шеге жұтып қойған

28.10.2025 21:55

Баланың тыныс ала алмай жатқанын анасы байқап, жедел жәрдем шақырған

Шымкентте бір жасар бүлдіршін 4 сантиметрлік шеге жұтып, ауруханаға түсті. Абырой болғанда баланың тыныс ала алмай жатқанын анасы байқап, дер кезінде көмек шақырып үлгерген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дәрігерлер дереу тексеріс жүргізіп, оның көмейінен темір шегені алып шыққан. Дегенмен кішкентай науқастың жағдайы ауырлап, жансақтау бөліміне жатқызылды. Бүгінде бүлдіршін анасымен бірге ауруханада ем қабылдап жатыр.

«Бала шұғыл түрде операция залына жеткізіліп, бронхоскопия процедурасы жасалды. Процедура барысында баланың кеңірдегінде бөгде заттың тұрғаны анықталып, ол эндоскопиялық қысқыштар арқылы алынды. Баланы бір күн реанимацияда бақылауда ұстадық, содан кейін хирургия бөліміне ауыстырылды», – деді эндоскопист-дәрігер Бабур Рахманқұлов.

Оқи отырыңыз: "Киімі өртенген адам шығып келе жатты": Ақтаудағы тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды