Шымкентте газ таратушы компания тұрғындарға заңсыз айыппұл салған

27.06.2025 14:14

Мегаполисте бұдан бөлек, 21 тауар нарығы мен 25 мемлекеттік кәсіпорын да тексерілді

Шымкентте газ таратушы компания тұрғындарға негізсіз айыппұл салып, көпшілікті артық төлем жасауға мәжбүрлеген. Осылайша, монополист компанияның жергілікті филиалы 1800-ге жуық абоненттің құқығын таптаған көрінеді. Бұл жайтты бәсекелестікті қорғау агенттігі анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қолданылған газды мөлшерден тыс пайдаланды, немесе ережені бұзып сақтамай, заңсыз қосылды деп айыппұл салған. Алайда сол айыппұл есептеу формулалары заңсыз деп танылып, сотқа жүгініп, 1-2 сатыда біздің әрекеттер заңды деп танылған. Қазір бұл мәселе жоғары соттың қарауында тұр», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департамент басшысы Ернар Қосбаев.

Мегаполисте бұдан бөлек, 21 тауар нарығы мен 25 мемлекеттік кәсіпорын да тексерілді. Нәтижесінше, бірқатар заңбұзушылық тіркелген. Мәселен, кейбір ұн өндіруші кәсіпорындар «ақылдасып» бір мезгілде өнім бағасын көтеріп жіберіпті. Тексерістен кейін оларға 26 млн теңгеден астам айыппұл салынып, заңсыз тапқан табысты қайтаруға міндеттелді.

«Grain House-555» ЖШС, «Санжар» ЖШС, «Pioneer Grain Products» ЖШС бір мезетте бірінші сорт ұн бағасын көтерген. Аталған ұн бағасын көтеру себептерін анықтау барысында, сол мекемелер арасында сөз байласу фактісі анықталған. Яғни, өзара келісіп бір мезгілде бағаны көтерген. Оның бәрі тексеру нәтижесінде дәлелін тапты», – деді деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департамент басшысы Ернар Қосбаев.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Алматы халықаралық әуежайын одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді