Шымкентте кене шаққан 500-ден астам адам дәрігерге жүгінген

02.07.2025 21:42

Олардың екеуінен Конго-Қырым қызбасы анықталып отыр

Шымкентте кене шаққан адам саны көбейген. Қазірдің өзінде 530 азамат дәрігерге жүгініпті. Олардың екеуінен Конго-Қырым қызбасы анықталып отыр. Сала мамандары бұл былтырғымен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, қазір өңірде кене қаптауына байланысты 11 елдімекен бақылауға алынған. Санитарлық қызмет өкілдері тұрғындарды аулаларын таза ұстап, қоқысты уақытылы шығарып, тазалық шараларын сақтауға шақырады. 

«Алтын-төбе, Қайнарбұлақ, Игілік, Сауле, Текесу, Тассай, Бадам-1, Қазығұрт, Ақтас-1, Ақжар, Айкөл ықшауаудандары арнайы есепке алынып отыр. Және де осы аймақтарда мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысының 1-кезеңі өтті. Тексеріс нәтижесінде сол кезеңнің сапалы жүргізілгені мәлім болды», - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Оқи отырыңыз: Ғарыштан да көрінеді: Жезқазған маңындағы заңсыз қоқыс ауқымы жаға ұстатады