Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты ауыр
Шымкент қалалық перинаталдық орталығында салмағы небәрі 1 келі болатын сәбидің жүрегіне күрделі операция сәтті жасалды. Сәбидің туғанына 45 күн толған, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ДСМ мәліметінше, 25-аптада дүниеге келген нәресте наурыз айының басында орталықтың жаңа туған балалардың қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізілді. Оның салмағы небәрі 655 грамм, бойы – 28 сантиметр болды. Зерттеп-қарау нәтижесінде дәрігерлер «ашық артериялық өзек» (туа біткен жүрек ақауы) диагнозын қойып, оған қоса респираторлық дистресс-синдромды анықтады.
Сәбидің жағдайы аса ауыр болғандықтан, ол бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Диагноздың күрделілігіне байланысты перинаталдық орталықтың дәрігерлері бірнеше рет қаладағы кардиохирургтармен кеңесті.
«Сәбиге 45 күн толып, салмағы 1 келіге жеткенде, дәрігерлер жүрегіне операция жасау туралы шешім қабылдады. Ашық артериялық өзекке жасалған күрделі және аса дәлдікті қажет ететін бұл операция сәтті өтті», - делінген хабарламада.
Операцияны Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының кардиохирургі Асан Жұманов пен Шымкент қалалық перинаталдық орталығының анестезиолог-реаниматологы Ақжол Әбдірайымов жасады.
Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты ауыр. Ол перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің неонаталдық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова мен неонатолог-реаниматолог Ерасыл Шәбетов бастаған неонаталдық реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің тұрақты бақылауына алынды.
Оқи отырыңыз: Қан қысымын бақылаңыз: Қазақстанда қанша адам гипертониямен ауырады