Қан қысымын бақылаңыз: Қазақстанда қанша адам гипертониямен ауырады

Mufid Majnun / Unsplash
Mufid Majnun / Unsplash

ДСМ артериялық қысымды бақылап, скринингтен тұрақты түрде өтуге шақырады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін, 17 мамыр – бүкіл әлемде Артериялық гипертонияға қарсы күрестің Дүниежүзілік күні аталып өтуде. Бұл – жүрек-қан тамырлары аурулары мен мезгілсіз өлімнің ең қауіпті әрі кең таралған қауіп факторларының бірі, деп хабарлайды Аlmaty.tv Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, әлем бойынша 30-дан 79 жасқа дейінгі 1,28 миллиардтан астам адам гипертониямен ауырады, сонымен қатар пациенттердің шамамен 46%-ы өз диагноздары туралы білмейді.

"Қазақстанда биыл бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, қанайналым жүйесі аурулары құрылымында артериялық гипертензия диагнозы бар пациенттердің үлесі 47,7%-ды құрайды. Сырқаттанудың артуы негізінен халықты скринингпен қамтудың ұлғаюына байланысты", - делінген ДСМ хабарламасында.

Аурудың бастапқы кезеңінде ешқандай белгілер болмайды, алайда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізілетін қан қысымын өлшеу, ЭКГ түсіру және зертханалық талдаулардың арқасында пациенттер дер кезінде ем қабылдай бастайды және қажет болған жағдайда диспансерлік есепке алынады.

2024 жылы скринингтен 1,9 миллионға жуық адам өтті, нәтижесінде 104 мыңнан астам жаңа гипертония жағдайы анықталып, олар тұрақты бақылауға алынды.

Еуропалық гипертония қоғамының ұсынымдарына сәйкес:

  •  Артериялық қысымның нысаналы деңгейі – 140/90 мм сын. бағ. төмен болуы тиіс;
  •  Емдеу өмір салтын өзгертуді (тұз тұтынуды азайту, темекі мен алкоголден бас тарту, физикалық белсенділік) және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеуді қамтиды.

Денсаулық сақтау министрлігі халықты артериялық қысымын бақылауға, профилактикалық қарап-тексерулерінен тұрақты түрде өтуге және емдеуші дәрігердің ұсынымдарын орындауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Қайрат Нұртас үш елді аралып концерт қоймақшы

Новости партнеров