Шымкентте саңырау қызды қорлаған жігітке үкім шықты

04.08.2025 15:18

Үш еркек студент қызды көлікке күштеп отырғызып, қаланың шетіне апарып, арам ойын іске асырған

Шымкентте айуандықпен арам ойын іске асырып, саңырау қызды қорлаған жігітке үкім шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еске салсақ, бірнеше ай бұрын 22 жастағы бойжеткенді бір топ еркек зорлап кеткен. Ең сорақысы, олар арам ойын бір емес, бірнеше рет жүзеге асырған.

Жаға ұстатарлық жағдай 21 наурызда болған. Үш еркек студент қызды көлікке күштеп отырғызып, қаланың шетіне апарып, арам ойын іске асырыпты. Бұдан да сорақысы, күдіктілер аталған жағдайды видеоға түсіргенін айтып, 8 ай бойы бойжеткенді қорқытып, қорлап келген. Тіпті үйде ешкім жоқ кезде баса-көктеп кіріп, айуандыққа барған кездері де болыпты. Алайда сот барысында бейнежазбаның болмағаны анықталған.

«Екеуі сыныптас екен. Екеуі бірге қызбен танысқан. Араласып жүрген. «Басқа жігітпен жүрдің» деп қызғанған. Такси жүргізушісі бұл жерде куә ретінде өтті. Өйткені ол жерде ол қызға тиіскен жоқ. Оны қыздың өзі де мақұлдады», деді  құқық қорғаушы Гүлайхан Тұрсуманова.

Бүгінде қылмыстық іс бойынша тек бір күдіктінің кінәсі дәлелденіп отыр. Шымкенттегі соттың шешімімен, 28 жастағы азамат 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай ақ жәбірленушіге 3 млн теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелген.

Шымкент қалалық соты:

«Сот отырысында жәбірленуші қылмыскерге қатаң жаза тағайындауды талап етті. Ал сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жеңіл жаза сұрады. Сот оның өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алып, ауырлататын жағдайлар жоқ екенін ескерді. Нәтижесінде, ол Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігінің 2 тармағы бойынша кінәлі деп танылды».

Қазір осы оқиға бойынша тағы бір күдіктінің ісі Түркістанда қаралып жатыр. Ал такси жүргізушісі куәгер ретінде танылғанымен, жәбірленушілер оны қылмысты жасырды деп айыптап, тағы сотқа бермек.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Шерзат Полаттың ағасының өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды