Шілдедегі жауын-шашын құрғақшылықтың әсерін азайтты

14.07.2026 15:38

Ауыл шаруашылығы министрлігі егін шығымына қауіп жоқ екенін айтты

Аптап ыстыққа қарамастан, Қазақстанда егін шығымына қауіп жоқ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында құрғақшылық байқалған. Алайда бұл өңірлердің басым бөлігінде шілде айында жауған жауын-шашын құрғақшылықтың әсерін әлсіреткен.

Қазір егіс алқаптарының 96 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Дегенмен Ақмола мен Қарағанды облыстарында ылғал тапшылығы әлі де сақталып отыр. Сондықтан бұл өңірлердегі ахуал тұрақты бақылауда.

Азат Сұлтановтың айтуынша, министрлік мамандары астық егілетін барлық өңірлерді аралап, егіс алқаптарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.

Ал елдің оңтүстік өңірлерінде егіннің жағдайы қалыпты.

«Бізде оңтүстік өңірлерде суармалы жерлердің басым бөлігі орналасқан. Қазіргі уақытта ешқандай қауіп жоқ. Көршілес мемлекеттерден су ресурстары белгіленген кесте бойынша келіп жатыр. Осы су ресурстарын "ҚазСуШар" диқандарға шартқа сәйкес беріп отыр. Қазір ешқандай қиындық та, қауіп те жоқ», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында жер сілкінісінен кейін жолдар толық тексерілді