Дүбірлі додада Азияның 12 мемлекетінен келген өнерпаздар бақ сынайды
Халықаралық «Silk Way Star» байқауының қатысушылары Астанаға келіп жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоба жұлдыздарын қалың жұртшылық елорда әуежайында ыстық бауырсақпен, ән-шашумен қарсы алды. Алғашқылардың бірі болып Қытай елінің өнерпазы табан тірепті. Малайзиядан келген қатысушы көптің қошеметіне бөленді. Барлығы толық құрамда үлкен шоуға дайындалып жатыр. Бастаманың басы-қасында жүргендер әрбір вокалистің күн тәртібі минуттап белгіленгенін және бір-бірінің репертуарымен таныс емес екенін айтты. Мұның барлығы жанды дауыс иелерінің өнерін сенсацияға айналдыру мақсатында құпия сақталып отыр. Сондай-ақ байқау барысында өнерпаздар қазақ тілінде де ән шырқамақ. Осылайша, ұйымдастырушылар ұлттық мәдениетімізді сахна арқылы төрткүл әлемге танытуды көздеп отыр.
Айта кетейік, Дүниежүзілік деңгейдегі бұл жоба биыл елордада өтпек. Байқау ҚР Президентінің телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы келісімі негізінде ұйымдастырылып отыр. Сәйкесінше, аспан асты елінің көрерменіне де жол тартады. Дүбірлі додада Азияның 12 мемлекетінен келген өнерпаздар бақ сынайды. Атап айтқанда, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Грузия, Армения, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстанның вокалистері өнер көрсетеді. Бұл ретте еліміздің намысын Alem деген атымен танымал Батырхан Мәлік қорғайды. Түсірілім 20 тамызда басталған. Гранд-финал 22 қарашада өтеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Қырғызстан басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады