ШҚО-да 150 көлік қар құрсауында қалды

10.12.2025 15:50

Өңірдегі қалың қар мен жолдың дұрыс көрінбеуі жол қозғалысын айтарлықтай қиындатты

ШҚО ПД

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер қар құрсауында қалған 150 көлікті алып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңірдегі қалың қар мен жолдың дұрыс көрінбеуі жол қозғалысын айтарлықтай қиындатты.

Өскемен-Алтай, Өскемен-Риддер және Өскемен-Семей бағыттарында қозғалыс баяулап, кей жерлерде мүлде тоқтап қалған.

"Ауа райының қолайсыздығында полицейлер жолда қызмет атқаруды жалғастырып, жүргізушілерге көмек көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр. Бір күн ішінде ғана тәртіп сақшылары қарға батып қалған 10-нан астам жүк көлігі мен жеңіл автокөлікке көмек көрсеткен", - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен. 

 Ең күрделі жағдай Герасимовка ауылының маңында болған. Мұнда 150 автокөлік қар құрсауында қалған. 

"Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жағдайды дер кезінде бақылауға алып, жүргізушілерге бағыт-бағдар беріп, қауіпті учаскелерден өтуге көмектесті. Соның нәтижесінде автокөліктер колоннасы қауіпті аймақтан аман-есен өткізіліп, кептеліс пен жол-көлік оқиғаларына жол берілмеді", - делінген ақпаратта.

 Оқи отырыңыз: Республика бойынша қай жолдарда шектеу бар