ШҚО-да интернет-алаяқтықтың 300-ге жуық дерегі тіркелді

19.04.2026 17:57

Интернет-алаяқтықтың ең кең таралған түрлерінің бірі – жалған курьерлік қызметтер арқылы жасалатын алдау

Аlmaty.tv

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 296 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 жағдайға аз, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты алаяқтардың әдіс-тәсілдері де барған сайын күрделеніп келеді.

ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, интернет-алаяқтықтың ең кең таралған түрлерінің бірі – жалған курьерлік қызметтер арқылы жасалатын алдау.

– Алаяқтар өздерін CDEK курьерлік қызметінің өкілдері ретінде таныстырып, сізге сәлемдеме келгенін хабарлайды. Кейіннен SMS арқылы келген кодты сұрайды. Біраз уақыттан соң олар қайта байланысып, өздерін «eGov» порталының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтың жеке деректеріне алаяқтар қол жеткізуге тырысып жатқанын, сондықтан оларды шұғыл түрде бұғаттау қажет екенін айтады. Осы мақсатта қайтадан код сұрап, бейнетексеруден өтуге көндіреді. Нәтижесінде азаматтар өз жинақтарынан айырылып қалуы мүмкін, - деді ШҚО Киберқылмыспен күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бекжан Малғаждаров.

Тәртіп сақшылары күмәнді сілтемелерге өтпеуге, SMS-кодтарды бөгде адамдарға айтпауға және жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге шақырды.

Бұдан бөлек, интернет-дүкендер, пәтер жалдау және қала сыртындағы демалыс орындары саласында да алаяқтық жағдайлары жиі кездеседі. Алаяқтар жалған хабарландырулар орналастырып, азаматтардың сеніміне кіреді. Сондықтан алдын ала төлем жасауға болмайды.

– Қазіргі уақытта өңірде интернет-алаяқтықпен күрес белсенді түрде жүргізілуде. Киберқылмыспен күрестегі ең тиімді әдіс – алдын алу шаралары. Полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, жадынамалар таратып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 296 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 жағдайға аз, - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Сирек сәт: Алтын-Емелде қар барысы камераға түсіп қалды