СҚО-да оқушыларға арналған агросыныптар ашылып жатыр

Бұл мектептегі сабақтар тәжірибелік жұмыстармен толыққан.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-да жоғары сынып оқушыларын ауыл шаруашылығы мамандықтарына баулитын агросыныптар ашылып жатыр. Басты мақсат - жастарды ауылға тұрақтандырып, аграрлық саладағы кадр тапшылығын азайту, 

Бұл мектептегі сабақтар тәжірибелік жұмыстармен толыққан. Оқушылар дәннің қасиеттерін зерттеп, аграрлық салада қолданылатын технологиялармен танысады. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтардың алғышартын меңгеріп, тәжірибелік сабақтарда қабілетін сынайды. Мұндай дайындық жасөспірімдердің жоғары оқу орнына түспей тұрып, болашақ кәсібін таңдауына көмектеседі.¤

«Тамақ өндірісінің технологиясын меңгеріп, осы салада еңбек еткім келеді. Агросынып университетке түсуіме көмектеседі. Қазір ауылдан қалаға кетіп жатқан жастар көп. Бәрі көшіп кете берсе, жұмыс күші жетіспей, кәсіпорындар жабыла бастайды. Бұл ауылға ауыр тиеді. Сондықтан оқуымды аяқтаған соң, туған жерде жұмыс істегім келеді», – деді агросынып оқушысы Роман Бойко.

Болашақ мамандарды даярлауға университет пен жергілікті шаруашылық өкілдері де атсалысып отыр. Өзара әріптестік аясында оқушыларға бейінді зертханаларда тәжірибе жасап, арнайы жабдықтармен жұмыс істеуге мүмкіндік берілмек.

Айта кетейік, балалар ұстаздарымен бірге тыңайтқыш мөлшерін есептейтін цифрлық құрал ойлап тапқан. Ол шаруашылықтың шығыны мен табысын алдын ала есептеуге де мүмкіндік береді.

«Жобамыз екі бағдарлама негізінде жасалды. «Агрооптимизатор» топыраққа енгізілетін тыңайтқыштың қажетті мөлшерін есептейді. Бұл тыңайтқышты шамадан тыс қолданбауға көмектеседі. Сонымен қатар қанша шығын жұмсалатынын және ең жоғары ықтимал пайданы анықтайды», – деді Якорь орта мектебінің мұғалімі Инна Хадисова.

Қазір аграрлық бағыттағы оқыту облыстың бірнеше ауданында қолға алынған. Алдағы уақытта жобаға жүзден астам жоғары сынып оқушысын тарту көзделіп отыр.

«Агросыныптарға 9-10-сыныпта оқитын 120 баланы қамту жоспарланған. Қазір 7- сыныптан бөлек, тағы үшеуін ашуға дайындалып жатырмыз. Кешенді жоспар 2026-2030 жылдарға арналған. Негізгі бағыттардың бірі – агрономия. Балалар өсімдік және мал шаруашылығы бойынша білім алады», – деді СҚО Білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова.

Мектеп қабырғасынан басталған кәсіби бағдар екі міндетті қатар шешуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, жастардың ауылда қалып, туған жерінде еңбек етеді және аграрлық кәсіпорындарды білікті мамандармен қамтамасыз етпек.

Айжан Дайрабай, Петр Акутионов

Оқи отырыңыз: