СҚО-да сиырын сатқан әйел жауапқа тартылды

18.11.2026 16:56

Полиция өкілдері азаматтарды құқық қорғау органдарына жалған ақпарат бермеуге шақырды

Аlmaty.tv

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында тұрғын күйеуінен сиырын сатып жібергенін жасыру үшін полицияға жалған хабар берген. Ол малдың жоғалғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Әйелдің айтуынша, үйінен шыққанда қақпаны жабуды ұмытып кеткен. Қайтып келгенде қорада тұрған қара сиырын таппаған. Оның басы мен бауыр тұсында ақ дақтары болған.

Хабарлама түскен соң полицейлер мал ұрлығы белгілерінің бар-жоғын тексеріп, іздестіру жұмыстарын бастаған. Оған аудандық полиция бөлімінің жеті қызметкері жұмылдырылып, ауыл мен оның маңындағы аумақтар қаралған. Келесі күні іздеуге көршілес ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары, кинолог пен дрон операторы қосылған. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенген.

Алайда тексеру барысында сиырдың жоғалмағаны анықталды. Белгілі болғандай, әйел оны басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатып жіберген. Ол мұндай қадамға әпкесіне қаржылай көмектесу үшін барғанын түсіндірген. Ал күйеуінің келісімінсіз малды сатып жібергенін жұбайынан жасыру мақсатында полицияға жалған хабар берген.

Осылайша, тәртіп сақшылары екі күн бойы мал іздеп, уақыт пен күш жұмсаған. Көрінеу жалған хабар бергені үшін әйел жауапкершілікке тартылды.

Полиция өкілдері азаматтарды құқық қорғау органдарына жалған ақпарат бермеуге шақырды. Мұндай әрекет заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидаларына қарсы күрес: 8 миллиард теңгеден астам активке тыйым салынды

Толық көрсету