Өңірдегі 44 білім беру ұйымында жаңа технологияның мүмкіндіктері қолданнып отыр
СҚО-да жасанды интеллект білім беру саласына еніп жатыр. Қазірдің өзінде өңірдегі 44 білім беру ұйымында жаңа технологияның мүмкіндіктері қолданылуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нейрожелі тек оқу үдерісін жетілдіруге емес, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қызмет етіп отыр. Мәселен Петропавлдағы мектептерге енгізілген Protector AI жүйесі бейнебақылау камералары арқылы аумақтағы адамдарды анықтап, оларды асқан дәлдікпен тануға мүмкіндік береді. Күдік тудыратын жағдай тіркелсе, жүйе тиісті белгі береді. Осылайша жасанды интеллект мектеп қауіпсіздігін күшейтетін қосымша құралға айналған. Ал оқу барысында нейрожелі оқушыға бағыт-бағдар беретін көмекші ретінде пайдаланылады. Балалар оның көмегімен болашақ мамандығын таңдауға, зерттеу жүргізуге, өз жобаларын әзірлеуге мүмкіндік алып отыр. Мектеп оқушылары бағдарламалау мен компьютерлік көру технологияларын меңгеріп, ғарыштық технологияларды зерттейді. Сондай-ақ ұшқышсыз аппараттар жасап, тың жобалар мен стартаптарын жүзеге асыруда.
«Protector AI» жүйесі бүгінде Петропавл қаласындағы 36 мектеп пен бір балабақшада жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Есіл ауданындағы екі мектепке, Уәлиханов және Мамлют аудандарындағы бір-бір мектепке енгізілген. Ал «Қазақ білім» үш оқу ошағында қолданылуда. Жаңа оқу жылында тағы үш мектепті жүйеге қосу жоспарланып отыр. Осылайша цифрлық технология білім беру жүйесіне біртіндеп еніп қоймай, мектептегі қауіпсіздік пен оқушылардың шығармашылық мүмкіндігін арттыруға да жол ашып отыр», – деді Білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Оқи отырыңыз: Еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа заманауи колледж салынады