Биыл 22 мың жас сарбаз әскер қатарына қосылады
Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл 22 мың жас сарбаз әскер қатарына қосылады. Осы азаматтар 8 миллиард теңгеден аса сомаға несие төлеуден уақытша босатылады, жеп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздің қала мен аудандарында 195 әскерге шақыру комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Биылғы науқанның басты жаңалығы – шақыру қағаздары SMS-хабарлама және eGov порталы арқылы жіберіледі. Хабарлама түскеннен кейін үш күн ішінде азамат міндетті түрде әскери комиссариатқа баруы тиіс. Егер телефон нөмірі немесе eGov-та жеке кабинеті болмаса, шақыру қағазы пошта арқылы жеткізіледі. Қағазды алудан бас тартқан жағдайда да азамат ресми түрде хабарланған болып есептеледі.
«Әскерге шақырушыларға 4-5 жыл бұрын SMS- хабарлама жіберілетін, бірақ ол заңды күшіне енбеген. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, әрбір азамат телефонына немесе жеке кабинетіне келген хабарламаға міндетті түрде келуі керек», – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев.
Мерзімді әскери қызметтен ғылыми дәрежесі бар азаматтар мен тіркелген діни бірлестіктердің қызметкерлері толықтай босатылады. Ал мұғалімдер мен ауылдық жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлерге әскерге шақыру мерзімін кейінге шегеру құқығы берілген. Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру туралы SMS-хабарламаны елемеген немесе мерзімді әскери қызметтен жалтарған азаматтардың әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
«Әкімшілік кодекстің 647-бабына сәйкес егерде әскери шақыру басқармасына келмейтін болса, 5 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Ал егерде әскери комиссариатқа келіп, бірақ медициналық сараптамадан қашып, басқадай әрекет жасаса, ескерту немесе 3 АЕК айыппұл салады. Ал әсер етпейтін болса, Қылмыстық кодекстің 386-бабына сәйкес, 1000 АЕК айыппұл салынады немесе 1 жылдыққа дейін бас бостандығынан айырылады», – деді Фархат Айдарбаев.
Оқи отырыңыз: Халық қалаулылары қандай мәселелерге назар аударды: Парламент жұмысын бастады