Сенат пен Мәжіліс депутаттары жиналған жиынды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ашты
Сегізінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясы жұмысын бастады. Бүгін Сенат пен Мәжіліс депутаттары жиналған жиынды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Парламентте 5 минутқа созылған сессияға Мемлекет басшысы қатысқан жоқ. Ал ала жаздай өңір-өңір аралаған қос палатаның депутаттары аймақтағы айғайынның қордаланған мәселесін тыңдап қайтқан. Халық қалаулылар осы сессияда дүйім жұрттың күрмеуі шешілмеген мәселесін мінберде көтермек.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов алдымен Маңғыстауға барған. Одан кейін оңтүстік, батыс, шығыс, орталықта да болған. Депутат өзі барған өңірлерге ортақ мәселені тізіп шықты. Айтуынша, МӘМС мәселесі күн тәртібінен түспеген. Одан бөлек, оқу ордаларындағы білім сапасы мен орын тапшылығы, жалақы жыры да алдынан шыққан. Мәжілісмен мүгедектігі бар азаматтардың да үніне құлақ асқан. Олардың алып отырған жәрдемақысы өте төмен
«Қарапайым азаматтармен, сайлаушылармен кездескенде проблемаларды көрдік. Заң қабылданады, одан кейін оны іске асыуы кезіндей қандай мәселелер пайда болады? Осы сұрақтар бойынша қосымша өзгерістерді дайындап жатырмыз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Ал Ирина Смирнова болса, Алматы облысында инфрақұрылымға қатысты мәселенің көп екенін айтты. Әсіресе, аймақта ауыз су мен суармалы су тапшы деп дабыл қағып отыр. Сондай-ақ депутат заңсыз жұмыс істеп жатқан карьерлер туризмге орасан зиянын тигізіп жатыр дейді.
«Карьерлердің заңсыз жұмыс істеу мәселесі бар. Қаланың іргесіндегі, туризмді дамытуға арналған аумақта бүгінде карьерлер жұмыс істеп тұр. Ол жерге тек туристер ғана емес, қарапайым тұрғындар да бара алмайды. Бұл аумақтарда өмір сүру мүмкін емес. Халықтан түскен ең көп шағым инфрақұрылымға қатысты болды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова
Сенаторлар да бір ай бойы аймақтарда болып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған. Шымкенттен сайланған Нұрлан Бекназаров туған жерінде инфрақұрылымға қатысты мәселе көп екенін жеткізді. Кейінгі жылдары қала аумағына қосылған 40-тан астам елдімекеннің бірқатарында жол салу, жарықпен және газбен қамту жұмыстары әлі күнге өзекті болып отыр.
«Үкіметтің деңгейінде шешілетін мәселелерді қаламға түртіп алдық. Ары қарай да депутаттық сауал деңгейінде немесе жеке сөйлесу арқылы орталық органдармен шешеміз», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров.
Біз тілдескен депутаттардың дені өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің түп тамыры инфрақұрылымға тірелетінін жеткізді. Сондықтан да алыстағы ағайынның сәлемін тиісті органдардың құлағына жеткізу үшін Парламентте сауал жолдап, бастама көтеруге сақадай сай.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Елімізде әуе компаниялары мен әуежайларға жауапкершілік күшейтіледі