Жарысқа 100-ден астам жас спортшы қатысты
Sarbaz+ пилоттық жобасы аясында мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген әскери қызметшілер Сағадат Нұрмағамбетов атындағы *Sagadat Batyr – QTT* спорт клубының филиалдары арасында ұйымдастырылған «Sagadat Batyr Beginners Inter Club» джиу-джитсу турнирінде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жарысқа 100-ден астам жас спортшы қатысты. Көктемгі шақырылыммен әскерге келген 20 әскери қызметші үшін бұл турнир алғашқы ресми жарыс болып, жаттығу барысында меңгерген дағдыларын бәсекелестік жағдайда сынауға мүмкіндік берді.
Жарыс қорытындысы бойынша әскери қызметшілер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, 6 алтын, 3 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды.
Турнирдің үздік нәтижелерінің бірін мерзімді әскери қызметші Нұрдәулет Шәкір көрсетті. Ол 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленді.
— Әскери қызмет маған жаңа мүмкіндіктер ашты. Жаттығулар мен тәлімгерлердің қолдауының арқасында алғаш рет жарысқа қатысып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі алдағы уақытта да дамуыма зор ынталандыру болды, — деді ол.
Турнир қорытындысында мерзімді әскери қызметшілер жалпы саны 17 медаль жеңіп алып, өздерінің жоғары дайындық деңгейін және Sarbaz+ жобасы аясында өткізілетін жаттығулардың тиімділігін дәлелдеді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жүзеге асырып жатқан *Sarbaz+* жобасы мерзімді әскери қызметшілердің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жоба аясында олар жауынгерлік даярлық міндеттерін орындаумен қатар, спортпен шұғылдануға, заманауи технологияларды меңгеруге, шет тілдерін үйренуге және әскери қызмет барысында да, запасқа шығарылғаннан кейін де қажет болатын қосымша дағдыларды игеруге мүмкіндік алады.
Оқи отырыңыз: Төрт тілді меңгерген полиглот-сарбаз Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр