Білікті мамандар науқастың өмірін аман алып қалу үшін бес күн күресті
Солтүстікқазақстандық дәрігерлер денесінің жартысы күйіп қалған әйелді қүтқарды. Ақ халатты абзал жандар өмір мен өлім арасында болған тұрғынды аман алып қалу үшін бес күн күресті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Оқиға желісіне тоқталсақ, көпбейінді қалалық жедел-медициналық-жәрдем ауруханасына жағдайы ауыр 30 жасар әйел жеткізілді.
«Ол жертөлені отпен кептіріп жатқан кезде жарылыс болған. Салдарынан келіншектің денесінің жартысы күйіп қалған», - делінген хабарламада.
Пациент қабылдау бөлімшесіне тоқтатылмай, дереу жансақтау бөлмесіне жеткізілді. Әйел өте ауыр жағдайда болды. Бірақ аурухананың хирургтары мен терапевттерінің бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында әйел адам аман қалды. Білікті мамандар науқастың өмірін аман алып қалу үшін бес күн күресті.
Кейін ол травматология бөлімшесіне ауыстырылды, тиісті ем-дом қабылдады. Әйел ауруханада барлығы 20 күн емделді. Мекемеден шығарар кезде оның жағдайы қанағаттанарлық болып бағаланды. Күйік жаралары тартылып келеді. Бүгінде оның өміріне қауіп жоқ.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында болған жол апатынан жасөспірім қыз қаза тапты