СҚО-да коммуналдық мекеме қызметкерлеріне жалақы неге төленбеген

16.09.2025 20:53

Олар ауданды сумен қамтамасыз етуді үшін жұмысын тоқтатпаған

СҚО-да Саумалкөл ауылындағы коммуналдық мекеме қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақыларына жете алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Саумалкөл ауылындағы коммуналдық мекеме қызметкерлері басшылықтың құрғақ уәдесінен шаршағанын айтты. Олар жалақысына жете алмай, қарызға белшеден батып жүрсе де, қызметіне адал. Сөздерінше, ауданды сумен қамтамасыз етуді тоқтатпас үшін жұмысқа шығуды жалғастырып келеді. Солардың бірі – Виктор Заикин.

«Басшылық тиісті жалақымызды бермей жүр. Онымен қоймай, айлығымызды көтереміз деді. Жеме-жемге келгенде екеуі де жоқ. Бізге ескі мекеме соңғы айдың ақысын төлемеді. Тіпті еңбек демалысының қаражаты да берілмеді. Кейін маусымға төленді, алайда шілде мен тамыздың жалақысына жете алмай жүрміз. Күтіп жүрміз», – деді  Саумалкөл ауылының тұрғыны Виктор Заикин.

Ал бірнеше айдан бері жалақысыз күн көруі қиындаған Никита Васильев қызметін тастап, жаңа жұмыс іздеуге кіріскен. Оның айтуынша, келеңсіздіктер кәсіпорынның жекеменшіктен мемлекеттік балансқа өтуінен кейін басталған.

«Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің орынбасары қызметінде істедім. Кейін коммуналдық мекеме жабылғаннан кейін Айыртау ауданы әкімдігі құрған жаңа кәсіпорынға өттік. Содан бері жалақымызды ала алмай жүрміз», – деді Саумалкөл ауылының тұрғыны Никита Васильев.

Кәсіпорын басшылығы қызметкерлерге қарызы барын мойындап отыр. Алдағы уақытта тариф бекітілгеннен кейін жағдай тұрақталатынын айтты. Алайда бұрынғы мекеменің берешегін өтемейтінін жасырмады.

«Аталған мәселеге қатысты келесі аптада тыңдау өтеді. Сол кезде тарифтер бекітіледі. Содан кейін ғана жалақыны тұрақты түрде төлейміз. Айлықты уақытылы басқа мекме бермеген. Сондықтан олардың қарызын өтемейміз», – деді коммуналдық мекеменің директоры Азат Мұқанов.

Бүгінде ескі кәсіпорын жабылып қалған. Сондықтан оның қарыздары қайтарылмайды. Ал қазіргі басшылықтың жұмысшылар алдындағы берешегі 18 миллион теңге. Бүгінде мекемеде адал тер төгіп жүрген 54 маман ең болмағанда соңғы айдағы жалақысын беруін талап етті.

Аяулым Көлжігіт, Нұргүл Алина, Қазбек Арықбаев, СҚО