Полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу басталғанын хабарлады
СҚО-да полицейлердің қатысуымен тағы бір жол апаты тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Көкшетау–Рузаевка» тас жолында патрульдік көлік аударылып кетті. Салдарынан қызметкерлер жарақат алып, Саумалкөл ауылдық ауруханасына жеткізілді. Алдын ала мәліметке сүйенсек, жүргізуші рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен.
«Алдын ала мәлімет бойынша жүргізуші жолдың бұрылысында темір тұлпарды басқара алмай қалған. Салдарынан патрульдік көлік жол жиегіне шығып кетіп, төңкеріліп түскен. Жол-көлік оқиғасы кезінде қызметтік міндетін атқарып жүрген екі полиция қызметкері жарақат алды. Олар ауруханаға жеткізілді», – деді СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі
45 жастағы полицей жабық бас-ми жарақатын, мойын және қол сүйектерінің зақымын алған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр. Ал жеңіл жарақат алған 37 жастағы әріптесі алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң амбулаторлық емге жіберілді. Полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу басталғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Израильдің Қатар еліне жасаған соққысынан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ - СІМ