СҚО-да тұрғындар саны 10-ға да жетпейтін елуге жуық ауыл бар

26.09.2024 15:47

Сондай-ақ халық саны 50-ден аспайтын 141 ауыл бар

elements.envato.com

Солтүстік Қазақстанда жеті ауыл қаңырап бос қалған. Адамдар мүлдем тұрмайтын елдімекендер алдағы уақытта жабылмақ. Ал 45 ауылда халық саны 10 адамға да жетпейтін көрінеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Qazaqstan Media-ке сілтеме жасап.

Мұндай деректерді бүгін облыс орталығында өткен жиында өңір жетекшісінің орынбасары Қанат Дүзелбаев келтірді. Оның айтуынша, бүгінде аймақта халық саны 50-ден аспайтын 141 ауыл бар.

Әрине, елдімекендерді дамыту үшін жұмыстар жасалып-ақ жатыр. Айталық, бір ғана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 59 ауылға 14 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 77 жобаның жүзеге асырылуына бағытталыпты.

«Оның 7 млрд теңгесі шекарада орналасқан ауылдарды дамытуға бөлінген. Осының арқасында 1100-ден астам жұмыс орыны құрылып, 160 мыңнан астам ауыл тұрғынының өмір сүру сапасы жақсартылған. Осылайша, 2027 жылға дейін 50-ден астам ауылды жаңғыртуды көздеп отырмыз», — деді Қанат Дүзелбаев.

Оқи отырыңыз: Келесі жылдан бастап жәрдемақы, зейнетақы мен айыппұлдардың мөлшері көбейеді