Ақтөбе ауылындағы шаруа қожалығына тиесілі 600 гектар аумаққа егілген күрішке әлі орақ түспеген
Қызылорда облысында диқандар дүрлікті. Қармақшы ауданында шаруашылықтың жұмысы күріш ору науқанында тұралап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аймақта күріш ору маусымының басталғанына бір ай болды. Ақтөбе ауылындағы шаруа қожалығына тиесілі 600 гектар аумаққа егілген күрішке әлі орақ түспеген. Диқандар «полицейлердің әрекеті әбігерге салды» деп ашынады. Сәл кешіксе, дихандардың ала жаздай еткен еңбегі еш кетуі мүмкін. Нәтижесінде шаруаларды шаш етектен шығынға батырады.
Техника бар, қосалқы бөлшегі жоқ. Тауып бере алмай отыр. Техника болмаса, қалай жинаймыз. Күрішті дер кезінде жинамасақ, шаруашылық шығынға батады. Әр дән үшін ала жаздай қызмет еттік. Бұл маңдай тер, адал еңбектің жемісі, – деді диқан Асқар Тәтиев.
Шаруа қожалығының егіншілері бұрын-соңды болмаған қиындыққа тап болғанын айтты. Жұмыссыз қалған 100-ге жуық диқанның алқапта қаңтарылып тұрған техникалар мен егістікті күзетуден басқа амалы жоқ. Олардың айтуынша, жүк көлігінде болған қымбат қосалқы бөлшексіз комбайн кәдеге жарамайды. Сондықтан қожалықтың өкілдері адвокат жалдап, тәртіп сақшыларының үстінен арыз берген.
"Полиция қызметкерлеріне қатысты қозғалған істі облыстық Полиция департаменті қауіпсіздік басқармасы тергеп-тексерді. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» демекші, іс бір жақты жүргізілді. Салдарынан «Оңталап» шаруақожалығы заңды кәсібін жүзеге асыра алмай, күрішті ора алмай, жұмыстары тоқтап, өте қиын жағдайда отыр", – деді адвокат Тілектес Өміржанов.
Шаруалардың айтуынша, жүк көлігін полицейлер алып кеткен. Қосалқы бөлшек жоғалған көрінеді. Ал бұған байланысты аудандық полиция бөлімі «Ұрлық» бабы бойынша іс жүріп жатқанын жеткізді.
"Ақтөбе ауылы тұрғынының арызы негізінде Қармақшы аудандық Полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағына сай, қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды", – деді Қармақшы аудандық Полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Талапбек.
Ал егіншілер құзырлы орган өкілдері істің ақ-қарасын анықтап, тез мүлкін қайтаруды талап етті.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда паром флотын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр