СҚО-да тұрғындар жиі сөнетін электр жарығына шағымданды

03.12.2024 15:31

Жарықтың жиі сөнуінің әсерінен үйдегі техника құралдары уақытынан бұрын істен шығып жатқан көрінеді

Еліміздің солтүстігіндегі Бәйтерек ауылының тұрғындары электр жарығының тұрақсыздығына шағым айтады. Мұнда көктемгі су тасқыны кезінде желілердің зақымдануынан туған мәселе әлі шешімін таппаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылына 2010 жылдан бері көші-қон бағдарламасына қатысушылар мен қандастар қоныс аударып келіп жатыр. Аталған елдімекенде тұрып жатқанына 10 жыл болған Ситора Арыстанова бұрындары жарықпен ешқандай мәселенің болмағанын айтады. Бірақ соңғы кездері электр қуатының тұрақсыздығы басты мәселеге айналғандықтан, тұрмыстық шаруаларды біржақты ету қиындай түсіпті.

«Бұрын мұндай болмайтын. Қазір тіпті өмір сүру мүмкін емес болып кетті. Қыс келді ғой, мазамыз тіпті қашты. Жауаптылар ештеңе түсіндірмейді. Жұмыс күні кезінде бірнеше сағат жөндеп, шамдарды қосады. Демалыс күні ешкіммен байланыса алмай, тек күтумен отырамыз», – деді Бәйтерек ауылының тұрғыны Ситора Арыстанова.

 Жарықтың жиі сөнуінің әсерінен үйдегі техника құралдары уақытынан бұрын істен шығып жатқан көрінеді. Оның үстіне тұрғындар электр энергиясы бағасының өсіп жатқанына наразы.

«Жарықтың бағасы өсіп жатыр. Неден екенін білмейміз. Балалар сабағын оқи алмайды. Барлық электроника күйе ме деп алаңдаймыз», – деді Бәйтерек ауылының тұрғыны Рина Советхан.

Қызылжар ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Себебі, жарық мәселесі көктемгі тасқын салдарынан туындап, су электр желісі тіректерін зақымдапты. Сондықтан бүкіл ауыл облыс орталығының қосалқы стансасынан қуат алуға мәжбүр.

«Қазіргі таңда Бәйтерек ауылы Бішкек ауылындағы қосалқы стансадан қуат алады. Сондықтан ауылдың шеткері көшелерінің тұрғындары кернеудің төмендігінен осындай қиындыққа тап болып отыр. Ал Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы жөндеу жұмыстарының желтоқсанда аяқталатынын айтып, уәде берді. Осыдан кейін аталған мәселе жойылады», – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Асхат Бакеев.

Аталған аудандағы өзге ауылдың тұрғындары да электр жарығының тұрақсыздығынан жапа шегіп отыр. Қыс мезгілінде өңір тұрғындарының жылытатын пештерді жиі пайдалануы желіге айтарлықтай жүктеме жасап, жағдайды тіптен қиындата түскен.

Жансая Олжабек, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында спартакиада өтті