СҚО-да үй құстарының қырылу себебі анықталды- тұрғындар келіспейді

07.10.2025 16:14

СҚО-да Бугровое ауылында үй құстарының жаппай қырылу себебі анықталды. Ветеринарлардың айтуынша, қанаттылар – пастереллёз дертіне шалдыққан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алайда жергілікті тұрғындар мұнымен келіспейді. Өйткені, аталған ауру қауіпті індеттер тізіміне енбейді. Сондықтан ешқандай өтемақы төленбейді. Мамандардың ресми нұсқасымен келіспеген жұрт өз бетінше тәуелсіз сараптама жүргізуге бел байлап отыр. Шығынға ұшыраған шаруалардың бірі – Ақылбай Мағжан 5 мың тауығының тең жартысынан айырылған. Оның айтуынша, құстардың қырылуына құс тұмауы себеп болуы мүмкін.

 «Несие алып, өз кәсібімізді бастаймыз деп шешкенбіз. Бес мың бас құс алғанбыз. Олар қырылып, өліп жатыр. Оны экспертиза пастереллёз деп шешіпті», – деді кәсіпкер Ақылбай Мағжан.

Мамандар індеттің көзі сол аумақтан ұшып өткен жабайы құстар болуы мүмкін деп болжап отыр. Ал ауа арқылы ауру жылдам тарап кеткен. Сондықтан қолданылған антибиотиктер ешқандай нәтиже бермеген көрінеді.

 «Ауданда жүріп жатқан жағдайды қарап, 14 адаммен ертең аудан әкімі кездесіп, бюджеттен қарастырмаса да, бірақ хозяйственный субьектілер бар, басқа жағдайлармен қарастырып, кісілердің өтемақыларын көмектесу жағынан жұмыстар ертең шешіледі», – деді Қызылжар аудандық ветеринариялық стансасының директоры Ербол Багенов.

Оқи отырыңыз: Шымкент қаласында есірткі таратқан екі шетел азаматы ұсталды