Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған
Шымкент қаласында есірткі таратқан екі шетел азаматы ұсталды. Тәртіп сақшылары тексеріс кезінде психотроптық заттың оралған күйдегі 68 данасын тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың жалпы салмағы – 200 грамнан асыпты. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып кеткен.
«Сонымен қатар жедел іс-шаралар аясында Түркістан облысының 20 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның күртешесінен сатуға арналған шамамен 70 грамм мефедрон табылды. Қыркүйек айында аса ірі көлемде психотроптық заттарды таратқан шымкенттік азамат та ұсталған. Қазір олар қамауға алынған», – деді ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Қайсар Нариман.
Ал Жетісу облысында есірткіні заңсыз тасымалдаған 22 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Полиция қызметкерлері тінту барысында түйіншектелген зиянды заттың 15 данасын тапқан. Сонымен қатар есірткі тұтынуға арналған түтікшелерді де тәркіленіпті. Тергеу дерегіне сай, күдікті психоактивті затты қыркүйек айында сатып алып, сақтаған. Бір бөлігін пайдаланып, қалғанын өзімен бірге алып жүрген. Медициналық сараптама қорытындысы заңға бағынбаған алматылықтың қан құрамынан мефедрон анықталғанын растады. Қазір аталмыш жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Ал күдікті қамауға алынған.
Оқи отырыңыз: Үлескерлерді алдап келген: Қарағандыда құрылыс компаниясының басшысы сотталды