СҚО-да жазасын өтеушілер арасында некеге тұратындар саны артқан

06.08.2025 14:37

Мамандардың айтуынша, ресми некеге тұрғаннан кейін жұбайымен ұзақ мерзімді кездесулерге рұқсат берілмек

Samantha Gades/

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 35 жазасын өтеуші некеге тұрды. Мәселен былтыр бір жыл ішінде 18 неке тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ведомствоға қарайтын бес мекеме бар. Соның біреуі — әйелдер колониясы. Мұнда биыл екі сотталған тұрмысқа шыққан.

Айыртау ауданында орналасқан № 51 мекемеде жақында жазасын өтеуші некесін қиды. 37 жастағы ер адам алғаш рет отбасын құрып отыр.

"Жұбайымен бес жылға жуық таныс. Қарым-қатынастарын осылайша заңдастырып отыр. Ұрлық жасағаны үшін ұсталған, әлі үш жылы бар. Біз сотталғандардың отбасын құруға деген ұмтылысын қолдаймыз. Өйткені бұл олардың өмірге деген құлшынысын арттырады, тезірек жазасын өтеп, отбасына оралуға ынталандырады. Жауапкершілік сезімін арттырып, оң өзгерістерге ұмтылуға ықпал етеді", — дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Сүлейменов.

Мамандардың айтуынша, ресми некеге тұрғаннан кейін жұбайымен ұзақ мерзімді кездесулерге рұқсат берілмек. 

Жазасын өтеп жүріп үйленген ер адам қазір мекеме аумағында ағаш және металл бұйымдарын жасаумен айналысады. Ал бостандыққа шыққаннан кейін өз шеберханасын ашпақ.

Оқи отырыңыз: Қазақстан арқылы өткізбек болған 42,2 тонна тауық еті Қытайға кері қайтарылды