Мектептегі түскі ас: балалардың тамақтану жүйесі қалай жетілдірілді

27.08.2026 18:21

Бүгінде мектептегі түскі ас бірден бірнеше деңгейлі бақылаудан өтеді

Almaty.tv

Almaty TV телеарнасы «Әділдік алаңы» бағдарламасының мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігіне және тамақтан улануға қатысты атышулы оқиғалардан кейін асханаларды бақылау жүйесінің қалай өзгергеніне арналған жаңа шығарылымын ұсынады.

Бүгінде мектептерде балаларға қандай тағам беріледі? Азық-түлік пен дайын тағамдардың сапасы қалай бақыланады? Мектептегі түскі ас бала денсаулығына қауіп төндірсе, оған кім жауап береді? «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымында сарапшылар осы және өзге де мәселелерді талқылайды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы Маңғыстау облысының Бесшоқы ауылында болған жаппай тамақтан улану оқиғасынан кейін 450-ден астам оқушы зардап шеккен. Бұл жағдай кейінгі жылдардағы ең ірі оқиғалардың біріне айналып, мектеп асханаларындағы мәселенің ауқымын көрсетті.

Қазақстан бойынша жалпы статистика оң қарқынды көрсетіп отыр. Өткен жылдың қаңтар-шілде айларында білім беру нысандарында тамақтан уланудың сегіз жағдайы тіркеліп, 118 бала зардап шеккен. Биылғы осы кезеңде екі жағдай тіркеліп, 13 адам ауруханаға жүгінген. Дегенмен зардап шеккендер саны шамамен 89%-ға азайған.

«Бұл жерде қызмет көрсетуші тұтынушы алдында жауапты екенін нақты түсінуі керек. Жауапкершіліктен ауытқу, ең алдымен, жұқпалы және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралу қаупін тудырады. Жұқпалы аурулардың жіті ішек инфекциялары, тамақтан болатын токсикоинфекциялар, ботулизм және тағы басқалары екенін бәріміз жақсы білеміз», – деп атап өтті Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалыкова.

Қоғамда резонанс тудырған оқиғалардан кейін мемлекеттік балалар нысандарындағы санитариялық бақылау жүйесі күшейтілді. Бүгінде жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, тергеп-тексерулер және нысандарға барып мониторинг жүргізу тәртібі қарастырылған. Мамандар алдын ала ескертусіз келуге, сондай-ақ зертханалық тексерулер үшін азық-түлік пен су үлгілерін алуға құқылы.

Мектептегі медицина қызметкерлеріне де қосымша жауапкершілік жүктелді. Дайын тағамдар балаларға берілмес бұрын міндетті түрде бағалаудан өтуі тиіс.

Тамыз айының ортасына қарай еліміз бойынша 6,3 мыңнан астам мектеп асханасында, яғни мектептердің жалпы санының шамамен 95%-ында санитариялық мониторинг жүргізілді. Алматыда жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері мамандар тұрғындар өтініші бойынша жоспардан тыс үш тексеру жүргізді. Екі жағдайда шағымдар расталып, заң бұзушыларға 600 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Сонымен қатар жаңа ереже тамақтану орындарының қауіпсіздігін бақылаумен ғана шектелмей, мектеп мәзіріне деген көзқарастың да өзгеруіне түрткі болды.

Өткен жылдың қыркүйегінен бастап тамақтанудың жаңартылған стандарты қолданысқа енгізілді. Ол рационның құрамын ғана емес, жекелеген өнімдердің дастарқанға қаншалықты жиі қойылатынын да айқындайды. Көкөніс пен жеміс, сондай-ақ сүт өнімдері мәзірде аптасына бес рет, ал балық кемінде бір рет болуы тиіс. Баланың жасына қарай мектептегі бір реттік тамақтың калориялылығы 525-тен 945 килокалорияға дейін болады. Мәзірден тұзы мен қаныққан майлары жоғары ультраөңделген өнімдер ретінде шұжықша мен шұжық өнімдері алынып тасталды. Аллергиясы немесе тағамдық төзімсіздігі расталған балаларға қатысты жеке талаптар қарастырылған — мектеп өнімнің қауіпсіз баламасын қамтамасыз етіп, оны күнделікті мәзірде көрсетуі тиіс.

«Бұл өнімдердің орнына мектеп мәзірі ет, құс еті, балық, жұмыртқа және сүт өнімдері сияқты толыққанды, табиғи ақуыздан құралуы тиіс. Сонымен қатар мектеп мәзірі күрделі көмірсулардан, яғни дәнді дақылдардан, жармалардан тұруы қажет. Көкөністер мен жемістер минералды элементтер мен дәрумендердің, сондай-ақ бала рационында міндетті түрде болуы тиіс тағамдық талшықтардың көзі саналады», – деп нақтылады Қазақ тағамтану академиясының ғылыми қызметкері Алия Калдыбай.

Алайда тек нормативтердің болуы жеткіліксіз, маңыздысы — балалардың ұсынылған тағамды сүйсініп жегені. Сондықтан мектептегі тамақтану жүйесінде «желінбеу индексі» деп аталатын көрсеткіш пайда болды. Мамандар дайын тағамның қанша мөлшері тәрелкеде қалып қоятынын бағалайды. Егер оқушылар үнемі өзіне берілген тағамның 30%-дан астамын қалдыратын болса, онда бұл мәзірді қайта қарау қажеттігінің белгісі ретінде қарастырылады.

Жаңа тағамдарды әзірлеу кезінде оқушылардың өз пікірі де ескеріледі. Алматыда балалардың дайындалған тағамды бағалауы үшін арнайы дәм тату шаралары өткізілді. Ата-аналар да рационды бақылау мүмкіндігіне ие болды: мектептер күнделікті мәзірді, тағамдар суреті мен бағасын жариялап отыруы тиіс. Бұл ретте мәзір алуан түрлі болып, балаларды қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етіп отыруы үшін тағам атаулары бірнеше күн қатарынан қайталанбауы қажет.

«Қоғамдық денсаулық басқармасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі бекіткен, сондай-ақ Қазақ тағамтану академиясының тамақтану нормалары мен ұсынымдары қолданылған тамақтану стандарттарына сәйкес қаланың барлық мектебі үшін білім алушылардың жас ерекшелігі мен қажеттіліктерін, маусымдылықты ескере отырып әзірленетін төрт апталық мәзірді бекітеді», – деді Білім басқармасының бас маманы Тахижан Салижанов.

Қазір мектептегі түскі ас бірден бірнеше деңгейлі бақылаудан өтеді. Бұл ретте жаңа жүйенің басты міндеті тек тамақтан уланудың алдын алу ғана емес, балалардың дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыру болып отыр.

Мамандардың айтуынша, шамадан тыс тәтті, тұзды және өңделген өнімдерге әуестік бала кезден қалыптасады және кейін артық салмақ, семіздік, қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы және жүрек-қан тамырлары аурулары қаупін арттыруы мүмкін.

Бүгінде мектептегі тамақтану жай ғана мәзір мен асхана жұмысына қатысты мәселе емес. Бұл балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына жауапты барлық адамның күнделікті жауапкершілігі. Жаңа стандарттар, көпдеңгейлі бақылау мен оқушылар пікіріне көңіл бөлу тамақтануды қауіпсіз етіп қана қоймай, шын мәнінде, пайдалы да етуге тиіс. Ең бастысы, жүйені жетілдіру жалғасып жатыр. Өйткені мектептегі жақсы түскі ас жай тамақ қана емес, балалардың мықты денсаулығы, дұрыс әдетке бейімделуі мен мен жарқын болашағы екені де сөзсіз.

Оқи отырыңыз: «Әділдік алаңы»: Қазақстанда қарт адамдарға қалай қамқорлық жасалады

Толық көрсету