«Әділдік алаңы»: Қазақстанда қарт адамдарға қалай қамқорлық жасалады

Almaty.tv
Almaty.tv

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 75 жастан асады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV «Әділдік алаңы» бағдарламасының қарт адамдардың өмірі, әлеуметтік қолдау және қартайған кездегі жалғыздық мәселесі сынды ең нәзік әлеуметтік тақырыптардың біріне арналған жаңа шығарылымын ұсынады.

Қазақстанда 100 жастан асқан адамдардың саны артып келеді. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, елде 100 және одан жоғары жастағы 1323 адам тұрады - бұл өткен жылмен салыстырғанда 293 адамға көп. Сонымен бірге өмір сүру ұзақтығының артуымен қатар, қарт адамдардың тұрмыстық тұрғыдан осалдығы мен жалғыздығы мәселелері де айқындала түсуде.

Бүгінде жақындарының қолдауынсыз қалған жандар қалай өмір сүріп жатыр? Мемлекет оларға қандай мүмкіндіктер ұсынады? Расымен де әлеуметтік көмек әрбір мұқтаж жанға қолжетімді ме? Осы және өзге де мәселелер «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымында талқыланады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 65 жастан асқан тұрғындардың саны екі миллионға жақындап, халықтың шамамен 9,6 пайызын құрайды. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы 75 жастан асады.

Мемлекеттік жүйеде зейнетақы төлемдері, медициналық көмек, үйге көрсетілетін әлеуметтік қызметтер, сондай-ақ арнайы әлеуметтік мекемелерде қызмет көрсету сынды түрлі қолдау шарасы қарастырылған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаменті директорының орынбасары Жандарбек Ақылбекұлының айтуынша, бүгінде елімізде 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді, олардың шамамен 9,5 мыңы тікелей үйге барып көмек көрсетеді.

«Бізде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер жұмыс істейді. Олар төрт бағыт бойынша: қызметтер стационарлық және жартылай стационарлық мекемелерде, үйде, сондай-ақ уақытша болатын мекемелерде қызмет атқарады», — деді Жандарбек Ақылбекұлы.

Шығарылымның бір бөлігі қарт адамдардың әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы өміріне арналған. Мамандардың айтуынша, мұндай мекемелердің міндеті — адамды қажетті күтіммен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге оның өзін жалғыз сезінбейтіндей орта қалыптастыру.

«Олардың осында өз үйінде жүргендей сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. Әрқайсына өз баламыздай қараймыз, жеке көңіл бөлеміз. Әр адамның аты-жөнін білеміз, кіммен араласатынын, қандай асты сүйіп жейтініне дейін білеміз, күн сайын көңіл күйін сұраймыз», — деп атап өтті «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сымбат Нәбиева.

Қамқорлық алушылардың кейбірі үшін мұндай орталық расымен де қайта достар тауып, араласатын және өзін қажет адам ретінде сезінетін орынға айналады.

«Осы екі жарым жыл ішінде осында достар таптым, жақсы араласа алатын қатар-құрдастар кездестірдім. Өзім ризамын. Ең бастысы, мұнда адамға, аға буынға деген құрмет, мейірім, қайырымдылық, махаббат, жанға шуақ төгер жылы сөздер бар», — деп ой бөлісті Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Базарбай Сабенов.

Алайда көмекке мұқтаж қарт адамдардың бәрі бірдей әлеуметтік мекемелерге бара бермейді. Көпшілігі өз бетінше өмір сүруін жалғастырып, қолдау алу үшін әлеуметтік қызметкерлерге жүгінуге мәжбүр.

Сонымен қатар әлеуметтік көмек алу үшін көбіне құжат, медициналық қорытындылар мен анықтамалар жинау қажет.

«Бірінші кезекте адамның жеке куәлігі қажет. Содан кейін ол тиісті емханада толық медициналық тексеруден өтеді, одан соң қорытынды беріледі. Сондай-ақ зейнеткер куәлігінің көшірмесі ұсынылады. Кейін Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы адамның тұрғылықты жері бойынша жалғыз өзі тіркелгені туралы анықтама алынады», — деп рәсімдеу тәртібін түсіндірді Бостандық ауданы әкімдігі аппаратының қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлбаршын Тілеулина.

БЖЗҚ мен халықаралық ұйымдардың бағалауынша, 2050 жылға қарай Қазақстанда 60 жастан асқан азаматтардың үлесі 18,8 пайызға жетуі мүмкін. Бұл әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, зейнетақымен қамсыздандыру, қолжетімді баспана және әлеуметтік қызметтер сапасы мәселелерінің маңызы бұдан да арта түсетінін білдіреді.

Бүгінде мемлекет қарт адамдарды қолдау жүйесін кезең-кезеңімен дамытып келеді: әлеуметтік қызметтер желісі кеңеюде, үйде көмек көрсету қызметі жұмыс істейді, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен тұрақты қамқорлық пен қолдауды қажет ететін адамдарға арналған арнайы мекемелер жұмыс істеуде. Бұл жүйенің артында тек нормативтер мен әлеуметтік бағдарламалар ғана емес, ең алдымен, күн сайын қарттарға қиындықты еңсеріп, өзін өзгеге қажет сезінуге көмектесетін мамандар тұр.

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» — бұл халық даналығы аға буынның өзгермес құндылығын еске салады. Лайықты қарттық —материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге көңіл бөлу, құрмет көрсету және жан жылуын бере білу.

Бүгінгі қарттар — өз еңбегімен біз өмір сүріп отырған ел мен қоғамды қалыптастырған ұрпақ. Сондықтан оларға қамқорлық жасау — мемлекет пен бүкіл қоғамның маңызды міндеті.

Оқи отырыңыз: Жаңа дәуір мұғалімі: Қазақстандағы білім беру қалай өзгеріп жатыр