Пилоттық жобаға қатысуға дайын 500 мектептің тізімі жасақталды
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы аясында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мәселесіне ерекше назар аударды, - деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Almaty.tv.
«12 мамырда Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Оның іске асырылу барысы қалай?» — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Министрлік тарапынан тиісті жұмыстар басталғанын баяндады.
Бірінші. Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің 2026 - 2029 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Құжат белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізілетін болады. Кешенді жоспар мектептердің цифрлық және инфрақұрылымдық дайындығын дамытуды; педагогикалық кадрларды даярлауды; білім беру процесінде AI-шешімдерді қолдануды қарастырады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, пилоттық жобаға қатысуға дайын 500 мектептің тізімі жасақталды, оның ішінде 250-і — шағын жинақты мектептер; 150-і — жалпы білім беретін мектептер; 100-і — «Келешек мектептері». Цифрлық инфрақұрылымның деңгейіне, жоғары жылдамдықты интернеттің сапасына, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуіне, кадрлық әлеуетке және білім беру ұйымдарының AI-шешімдерді енгізуге дайындығына талдау жүргізілді.
Екінші. Педагогтарды даярлау. Бүгінгі таңда 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде жасанды интеллектті қолдану мәселелері бойынша оқудан өтті. Қосымша жазғы кезеңде пилоттық мектептердің педагогтары үшін келесі бағыттар бойынша оқытуды ұйымдастыру жоспарлануда: цифрлық педагогика; оқыту әдістемесі; білім беру процесінде AI-құралдарын практикалық қолдану.
Үшінші. Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фудың ұсынымдарын ескере отырып, білім беру процесіне AI-шешімдерді енгізу бойынша жеке жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
I кезең (2026 жылғы 1 қыркүйек – 26 қазан): жобаны қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 10 шағын жинақты пилоттық мектепте іске қосу; пилоттық өңірлер ретінде Қызылорда және Павлодар облыстары белгіленді; апробация 4-сыныптарда ана тілі, Математика, цифрлық сауаттылық және ЖИ (ИИ) пәндері бойынша жүргізіледі.
II кезең (2026 жылғы 3 қараша – 23 желтоқсан): пилоттық жобаны 50 мектепке дейін кеңейту.
III кезең (2027 жылғы 8 қаңтар – 24 мамыр): тағы 300 мектепті қосымша қамту.
Төртінші. Сонымен қатар, дербестендірілген оқытуды, бейімделген тапсырмаларды, білім беру нәтижелерін нақты уақыт режимінде талдауды және білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды дер кезінде анықтауды қамтамасыз ететін ұлттық білім беру AI-платформасы енгізіледі.
Бесінші. Кешенді жоспардың жекелеген блогы цифрлық қауіпсіздік және жасанды интеллектті қауіпсіз қолдану мәселелеріне арналған. Білім беруде жасанды интеллектті қолдану стандарттарын, академиялық адалдық механизмдерін, балалардың дербес деректерін қорғауды, сондай-ақ цифрлық білім беру контентін міндетті сараптамадан өткізу жүйесін енгізу көзделіп отыр.
«Бұл өте маңызды құжат. Президенттің барлық тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындау қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Жазғы каникул: Қазақстанда балалар үшін мыңдаған демалыс және сауықтыру орталықтары дайындалды