Смағұл Елубай: Құрылтай – мағынасы тым терең, салмақты сөз

21.01.2026 19:05

Мемлекет басшысы назарға алған мәселенің бірі – ұлттық құндылықтарды ұлықтау

«Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі Қызылорда жерінде өткен бесінші Ұлттық құрылтайда осылай деді. Мемлекет басшысы жоғары технологияға негізделген, энергияны көп қажет етпейтін жаңа экономика құру үшін, ең әуелі, мықты инфрақұрылым қалыптастыру қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер» деді. Президенттің пайымынша, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Сондықтан, бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынатынын жеткізді. Атап айтқанда, жақын арада Алматы, Абай және Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді.

«Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Парламенттің атауын «Құрылтай» деп өзгерту туралы ұсыныс айтты. Президент мұның тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті һәм жақын деген пікір бөлісті. Жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай да Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын қос қолдап қолдайтынын жеткізді.

«Парламент деген сөздің орнына «Құрылтай» деп қазақтың төл сөзін қолданатын болдық. Сөйтіп бұдан кейінгі жерде «Құрылтай» сөзінің мағынасы тым терең, салмақты болатын болды. Осы бағытымыз оң болғай дейміз, Қазақстан аймақтың көшбасшысы бола бергей дейміз», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы назарға алған мәселенің бірі – ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Президент «мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарын қорғауға, елді іштен ірітетін зиянды нәрселерді, турасын айтсақ, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қоюға міндетті» деді. Мемлекет басшысы «Сондықтан түрлі саяси авантюристердің ұлттық құндылықтарымыздың өзегіне балта шабуына, жастарды «жаңалық» болып көрінетін жат құндылықтарға еліктіріп, адастыруына жол бермеуге тиіспіз» деп баса айтты.

«Мемлекет басшысының жүргізіп отырған жұмысы елдің тұрақты дамуына, соның ішінде болашақ ұрпақ, жастардың қалыптасуына бағытталған. Қабылданып жатқан бастамалардың барлығы оң нәтиже береді деп сенемін, себебі онда қауіпсіздік мәселелері, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын дамыту, сондай-ақ экономикалық, мәдени және әлеуметтік бағыттар кешенді түрде қамтылған», – деді Қазақстан ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Қайрыев.

Мемлекет басшысы жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келетінін айтты. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды.

Заң мен тәртіп – бәріне ортақ, еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс дегенді алға тартты.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Бектенов жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерді бюджеттен қаржыландыруға мораторий жариялады