Бектенов жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерді бюджеттен қаржыландыруға мораторий жариялады

Үкімет инфляцияны 9 пайызға дейін төмендетпек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет инфляцияны 9 пайызға дейін төмендетпек. Қазір ол 12,3 процент. Мұндай қадам Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жасалып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызылордада өткен Құрылтайдан кейін Олжас Бектенов Үкімет мүшелерін жинады. Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқырылатын, атқарылған істер баяндалды. Ұсыныстар да айтылды. Соның бірі енді азаматттардың жеке деректері жаппай тарап кеткен жағдайда, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмағандарға 22 миллион теңгеге жуық айыппұл салынады. Тіпті қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін.

 «Азаматтардың жеке өмірге қол сұғылмаушылық және жеке ақпаратты қорғау жөніндегі конституциялық құқығын іске асыра отырып, цифрлық деректердің кез келген тарапқа кетуіне және осы салада «нөлдік төзімділік» саясатына көшеміз. Цифрлық трансформация азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек. Ал жеке ақпаратқа жауапсыз қараудың кез келген фактісі заңның бар қатаңдығымен жазалануы керек», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.

Елімізде 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін. Ол үшін баланың жасын шынайы тексеретін тетік пайда болады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы заң жобалары әзірленгенін жеткізді

 «Аталған өзгерістер сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылады. Оны тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдерін әзірлеу, қажет болса жауапкершілік шараларын қарастыру жоспарланып отыр», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Мемлекет басшысы Құрылтайда салық кодексін қолдануға қатысты халықтың ұсынысын зерделеп, қажет болса құжатқа түзетулер енгізу керек екенін баса айтқан. Вице-премьер Олжас Бектеновке кодексті енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар үнемі бақылауда деп есеп берді. Бизнес өкілдеріне семинарлар өткізіліп, кәсіпкерлерден түскен мың жарымға жуық сұраққа жауап қайтарылған. Серік Жұманғарин жұмысты жеңілдету үшін жобалық кеңсе құрылатынын жеткізді.

«Жобалық кеңсе бизнестің өтініштері шоғырланатын, келісілген шешімдер қабылданатын және мемлекеттің бірыңғай ұстанымы қалыптастырылатын бірыңғай үйлестіру нүктесіне айналады. Барлық сындарлы ұсыныстар мұқият қаралып, қорытындысы бойынша түзетулер енгізудің орындылығы мен қажеттілігі айқындалады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Президент Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалауды жүктеді. Премьер Олжас Бектенов жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерді бюджеттен қаржыландыруға мораторий жариялады. Қымбат әрі элиталық мектептерге де тықыр таянды. Бектенов оларға берілетін ақшаны тоқтатты.

«Оқу-ағарту министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізуді тапсырамын. Мемлекеттік қаржыландырумен өңірлердің оқушы орындарына деген шұғыл қажеттілігін жабатын жекеменшік мектептер ғана қамтамасыз етілгені жөн. Оқу-ағарту министрлігі бір айдың ішінде жекеменшік оқу орындарының жаңа стандарттарға сәйкестігі тұрғысында лицензиядан кейінгі бақылау жүргізсін», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорынан негізсіз ақша алғандарға  қатысты тексерулер басталған, кінәлілер жауаптан құтылмайды. Үкімет басшысы аталған ұйымның ақпараттық жүйесін бірінші шілдеге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне біріктіруді жүктеді. Бұл қаражаттың қалай және қайда жұмсалып жатқанын бақылауды жеңілдетеді. Сондай-ақ Олжас Бектенов жауаптыларға Президенттің тапсырмасын орындау бойынша  бірқатар нақты тапсырма берді. 

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Қырғызстанмен шекарадағы өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істейтін болады

Новости партнеров