Смартфон ұстаған сана: балаларды кибербуллингтен қалай қорғауға болады

Әлем бойынша 10 жастағы балалардың шамамен 70 пайызының өз смартфоны бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, бүгінде әлем бойынша 10 жастағы балалардың шамамен 70 пайызының өз смартфоны бар. Ал 15-тегі жасөспірімдердің 95 пайызы әлеуметтік желіні күн сайын қолданады. Мамандардың айтуынша, интернеттің ерте жастан қолжетімді болуы балаларға жаңа білім мен цифрлық мүмкіндіктер сыйлағанымен, кибербуллинг, зиянды контент және интернетке тәуелділік сияқты қауіптерді де күшейтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз, блогерлер мен стримерлердің санында есеп жоқ. Олардың бәрі бірдей пайдалы контент ұсынбайды. Мұндай бейнелер балалардың тәрбиесі мен көзқарасына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан қоғамда балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын шектеу мәселесі қызу талқыланып жатыр.

Мұндай шектеу әлемнің бірқатар елінде бар. Мәселен Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіде аккаунт ашуға тыйым салған. Францияда 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Ал Еуропалық Одақ жас ерекшелігіне қарай қолжетімділікті реттейтін ортақ ережелер әзірлеп жатыр. Вьетнам да 16 жасқа дейінгі балалардың жазба жариялауына, пікір жазуына және реакция қалдыруына шектеу енгізу мүмкіндігін қарастыруда.¤

«Instagram-да балалардың аккаунты міндетті түрде жабық болуы керек. Егер оның жасы 12 мен 14 аралығында болса, ата-аналық бақылау міндетті түрде қосылуы тиіс. Threads желісінде де жас ерекшелігіне қарай контентті сүзгіден өткізетін жүйелер қолданылуы керек. Мұндай техникалық мүмкіндік олардың өзінде бар. Сонымен қатар балалардың әлеуметтік желіге тіркелуі ата-анасының рұқсатымен ғана жүзеге асуы қажет. Біз тағы бір маңызды мәселені ұмытып жүрміз. Ол - онлайн ойындар», – деді Білім беру саласының сарапшысы Станислав Котов.

Әлеуметтік желінің балаларға төндіретін тағы бір қаупі – ол кибербуллинг. Мамандардың айтуынша, оның қиындығы дер кезінде анықталмауында. Бұрын жәбірлеуші мен жәбірленуші бетпе-бет кездесетіндіктен, мәселені байқау оңай болатын. Ал қазір қысымның көбі интернет арқылы жасалады. Сондықтан оны анықтау да, балаға дер кезінде көмек көрсету де қиындай түспек.

«Кибербуллингті әлеуметтік желіде басқара алмаймыз, ескере алмаймыз. Тіпті баланы бүкіл сынып өзі бір топ құрып алады да өздері әңгімелерін айтады, бірлесіп сол жерде талқылайды. Сол топтың ішіне мені қоспай қойса да, бұл маған өте ауыр тиеді. Кім екені белгісіз жалған аккаунттан осындай-осындай сөздер маған келеді. Мұның барлығы баланың санасына өте ауыр қысым», – деді психолог Серікгүл Сәли.

 Интернеттің балаларға кері әсер етуі мұнымен шектелмейді.

«Әлеуметтік желі баланың теріс жақа дамуына өте жақсы алаң болып есептеледі. Өйткені тыйым жоқ қой. Сол себептен басқа балалардың да дамуына тежеу болады. Санасыз, теріс ұғымы  топтағы балалардың жақсы дамуына бөгет жасайды», – деді Серікгүл Сәли.

Сарапшылардың пікірінше, балаларды цифрлық қауіптен қорғау үшін тек шектеу қою жеткіліксіз. Бұл бағытта мемлекет, мектеп, ата-ана бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Баланың интернеттегі белсенділігіне назар аударып, қандай контент көретінін  бақылау керек.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда балалар бар кез келген мекеме алдын ала ескертусіз тексерілуі мүмкін