Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр
Қостанай облысында көз жұмған 10 айлық сәбидің өліміне қатысты дәрігерлер түсінік берді. Олар өздеріне тағылған айыппен келіспейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қостанайлық келіншектің медицина қызметкерлерін уақытылы жәрдем көрсетпейді деп айыптаған жазбасы тараған еді.
Әйел адамның айтуынша, ол баласын демікпеден емдету үшін дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Ем қабылдаса да, сәбидің жағдайы жақсармаған. Одан соң жансақтау бөліміне жатқызылып, бірнеше сағаттан кейін көз жұмған. Ал ақ халаттылар баланың әжесі реанимациялық терапияға келісімін бірден бермей, антибиотиктермен емдеуге қарсы болыпты.
Айта кетейік, ол да аудандық орталық аурухананың дәрігері боп қызмет атқарады екен.
"Бізден "Оспамокс" деген препаратты ғана жазып беруді сұрады. Ол амбулаторлық емге арналған әлсіз антибиотик. Әсер етуі де баяу. Ал екіжақты пневмония кезінде бұл дәрі көмектеспейді", - деді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Ержанов.
Бала көз жұмған аурухана мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеріс болатынын айтты. Ал сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жергілікті полицейлер жүргізеді.
Оқи отырыңыз: Көкшетауда жас жігіт некеге тұрған күні кісі қолынан қаза тапты