Автобус апаты: айыпталушының қорғаушысы жазаны барынша жеңілдетуді өтінді

Алматыда 26 маусымда жол-көлік апатынан 25 адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Мақатаев көшесінің бойында осыдан 5 ай бұрын тіркелген автобус апатына қатысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарыссөзде прокурор 28 жастағы айыпталушыны кінәлі деп тануды, 2 жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ, заң өкілі сотталушыны 5 жылға автокөлік тізгіндеуден шектеу керегін сөз етті.

"Айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеуін, 5 жылға автокөлік басқару құқығының шектелуін, бұлтартпау шарасын қамауда ұстауға ауыстыру қажет екенін және зардап шеккендерге өтемақы төлеуді міндеттеуді сұраймын", – деді прокурор Ақерке Райханова.    

Ал апатқа қатысы бар деп танылған азамат кінәсін толық мойындайтынын, өкінетінін айтып, әдейі ештеңе істемегенін жеткізді. Сонымен қатар бас бостандығынан айырмауды сұрады. Айыпталушының қорғаушысы, жазаны барынша жеңілдетуді және сотталушының 9 айлық баласы бар екенін ескеруді өтінді.

"Кездейсоқтық жағдайдан соң, бірінші рет ауыр емес түрдегі қылмыс жасағанын, сотталушының кінәсін толықтай мойындағанын, шын пейілмен өкінішін жеткізгенін, кішкентай нәрестесі бар екенін, сондай-ақ өз еркімен шығындарды өтегенін ескеріп, жазаны барынша жеңілдетуді сұраймын", – деді адвокат Арман Қабенов.

Жәбірленуші тарап болса, еш шағымы жоқ екенін, шешімді соттың құзыретіне қалдыратынын атап өтті.

Еске салайық, 25 адам жарақат алып, бір адам қаза тапқан жол-көлік апаты биыл 26 маусымда болған. Енді оқиғаға қатысты кезекті сот отырысы 28 қарашада өтеді.

Оқи отырыңыз: Текелі қалалық ауруханасының ұжымы бейтарап комиссия құруды талап етіп отыр

Новости партнеров