Елімізде ең ұзын көпір ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған жол Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтіп, алты ауданды байланыстырады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай және Зайсанды көпір көлік қатынасына қатысты көп жылғы мәселені шешуге бағытталған. Ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінің ашылу салтанатына Үкімет басшысы Олжас Бектенов қатысты.
"Жаңа көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Аймақта тұрғындар 50 жыл бойы жазда пароммен, қыста мұз үстімен жүргенін білесіздер. Құрылыстың салынуын жергілікті тұрғындар ұзақ күтті", – деді ҚР Премьер - министрі Олжас Бектенов.
Жаңа көпір логистикалық бағыттарды жақсартып, шекаралас елдермен үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді. Онда тәулігіне 80 мыңға жуық автомобиль жүріп өтеді. Көлік министрі Марат Қарабаев Премьер-министрге көпірдің құрылысы туралы баяндады. Ведомство басшысының сөзінше, жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып, барлық сапа стандартына сәйкес жасалған.
"Бұл көпірдің әлеуметтік, транзиттік және туристік маңызы бар. Қауіпсіз болуы үшін екі жағынан да 40 мұзкескіш орнатылды. Сондай-ақ тәулік бойы бейнебақылау камерасы жұмыс істейді", – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Оқи отырыңыз: СҚО-да 2 жүк көлігі соқтығысып, бір адам қаза тапты