Алматылық белсенділер тауды қоқыстан тазартып жатыр

22.10.2024 09:21

Саябақтағы басты мәселе — демалушылардан кейін қалатын қоқыс

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда белсенділер күзгі «Таза Қазақстан» бағдарламасының «Жарқын күз» науқанын қолдап, Алмаарасан ыстық бұлағында кезекті сенбілікке жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салауатты өмір салтын ұстанушылардан құралған топ әр демалыс сайын тауға шығып, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Қолына қолғап, қоқыс жинайтын қап алып, шынайы ниетпен іске бел шеше кіріскен олар туристер тастап кеткен бөтелкелерді, пластик қаптамаларды және экожүйеге қауіп төндіретін басқа да қоқыстарды жинайды.

Белсенділердің бірі Тимур Хасеновтың айтуынша, олардың тобы бастапқыда 2023 жылдың наурыз айында шынығу мақсатында құрылған 35 адамнан тұрады.

"Біз тауға денсаулығымызды нығайту және өзенге шомылу үшін келетінбіз. Бірақ адамдардан қалған қоқыстың көп екенін көріп, қалдырмай, жинай бастадық. Осылайша, әр сенбі-жексенбі сайын тазалық жүргізуді әдетке айналдырдық. Кейін команда үлкейе түсті. Қазір біз мұны шамамен екі жыл бойы жасап келеміз, аптасына 3-4 рет топқа бөлініп, қоқыс жинаймыз. Алғашында бір пакет қоқыс жинасақ, қазір әрбір шыққанда 6-7 қаптан жинаймыз. Орта есеппен 75-80 келі қоқыс, біз арнайы қаптарды өлшегенбіз", — дейді Тимур.

Оның айтуынша, қаңтар айында ол тик-токта парақша ашып, таудағы бейнелерін жариялай бастаған. Қазіргі уақытта оның парақшасында 16 мың оқырманы бар.

"Жазда адамдар шомылып, ұмыт қалдырған заттар суға ағып кетеді, ал көктемде олар жағалауға жиналады. Ақпанда таудан түскенде жағалаудан көп тәпішке көрдік, сол кезде екі қап тәпішке жинадық. Қыста шолақ шалбар пен футболка киіп, қоқыс жинап жүрген осы сәтті бейнеге түсіріп, әуенмен әрлеп желіге жарияладым. Жазылушылар бірден реакция білдірді: «Құдайым-ау, адам өліп қалуы мүмкін, ал ол қоқыс жинап жүр. Әкімдік қайда қарап отыр?» — дейді белсенді.

Бейне барлық әлеуметтік желіге тарап, БАҚ-тың назарын аударды. Қоқыс жинау үшін адамдар ақша жібере бастады, кейбіреулер әлі күнге дейін қолғап, қап, антисептик жіберіп тұрады. Неліктен адамдар әлі де тауда қоқыс тастайтынын Тимур менталитеттен деп санайды.

"Біз қоқыстың 80%-ы кешкі уақытта жиналатынын байқадық. Мұнда шлагбаум ашық, бақылаусыз, алкоголь ұстап келген адамдарды кіргізбеу үшін будкада ешкім отырмайды. Оның үстіне, жарық жоқ, сондықтан адамдар өздерінің артынан қоқыс қалдырып кетеді. Таудың жоғары жағында жағдай тіпті нашар. Бұрын тауда қоқыс жәшіктері болмағандықтан, адамдар қоқысты бұталарға лақтыра салатын. Өкінішке қарай, экскурсия жүргізетін гидтер де бұл мәселеге назар аудармайды. Ұлттық саябақ жеке меншік аумақ болғандықтан, мұнда қызметкерлері ғана тазалайды. Тазалықты тек белсенділер мен еріктілер ұстап тұр", - деді Тимур Хасенов.

 

Белсенділердің тағы бір мүшесі Владислав Волков олардың қоғамдық еңбегі жастарға және алматылықтарға үлгі болатынын айтады.

"Біз қоқыс жинап қана қоймай, тәпішкелер ағып кетпес үшін өзен жағалауына торлар орнатамыз, адамдар құлап кетпеу үшін кілемшелер төсейміз және тазалықты сақтауға шақыратын тақтайшалар ілеміз. Біріншіден, мұндай жорық сергектік береді. Екіншіден, біз табиғатты қорғаймыз және оған қамқорлық жасаймыз. Шынымды айтсам, көп адамдар табиғатқа дұрыс қарамайды — қоқыс тастап, бейберекет кетеді. Біз жұмыс күндері де келіп, қоқыс жинаймыз — әр адамға 1,5-2 қап қоқыс шығады, ал демалыс күндері 8-9 қапқа дейін жинаймыз", — дейді Владислав.

Оның айтуынша, жағдай тауда ғана емес, қалада да сондай — адамдар барлық жерде қоқыс тастайды.

"Мен әрдайым ескерту жасаймын, бірақ пайда жоқ. Адамдарға айтарым, бірінші кезекте өздеріңізді құрметтеңіздер — қоқысты қоқыс жәшігіне дейін жеткізіңіздер. Қайда болса, сонда түкірмеңіздер, себебі ол үшін айыппұл бар. Қала тұрмысын жақсартайық", — деп алматылықтарға үндеу жасады белсенді.

 

  • Саябақтағы басты мәселе — демалушылардан кейін қалатын қоқыс. Бізге белсенділер көмектеседі. Олардың арқасында саябақ таза болып тұр. Біз оларға қолдау көрсетіп, тегін кіре алатындай жасаймыз және жаңа еріктілерді әрдайым қуана қарсы аламыз, — дейді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының инспекторы Қайрат Майзабаев.
  • Мұндай бастамалар табиғи аумақты ластаудың мәселесіне назар аударуға көмектесіп, қоғамның экологиялық тәрбиесіне ықпал етіп, кең танылып келеді.

Оқи отырыңыз: Рейс кешіккені үшін компания басшылығын жазалау керек - сенатор