Соғыс салған жара: «Ана – Жер ана» трагедиясы сахналанды

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры

Қойылым Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесіне негізделген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай, көрермен назарына көрнекті жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі негізінде сахналанған «АНА – ЖЕР АНА» трагедиясын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қойылым режиссері – Дина Жұмабаева, суретшісі – Юлия Чернова, хормейстері – Ғалымжан Берекешов, балетмейстері – Гүлжан Дәулетқұлова.
Бұл сахналық нұсқаның басты көркемдік ерекшелігі – Айтматов сомдаған кейіпкерлердің барлығы қуыршақ бейнесінде өмір сүрсе, тек Толғанай бейнесі ғана тірі адам ретінде сахнаға шығады. Осы тәсіл арқылы адам тағдыры мен символдық әлем арасындағы шекара жойылып, трагедияның ішкі қуаты тереңдей түседі.

Қойылымда үш Толғанай қатар көрініс табады. Бұл режиссерлік шешім кейіпкердің ішкі әлемін бірнеше қырынан ашып, аналық қайғының көп қабатты табиғатын көрсетеді. Театрдың талантты актрисалары – Марал Тәуекелова, Гүлім Рахимова және Толқын Тлеулиева – бір бейнені үш түрлі рухани өлшемде сомдап, ананың төзімі мен жүрек жарасын әр қырынан айқындайды.
Спектакльдің өзегінде соғыс жылдарының ауыр шындығы, ел басына түскен қасірет, жетімдік пен жесірліктің жан жарасы жатыр. Бір отбасының тағдыры арқылы тұтас халықтың басынан өткен зұлмат бейнеленіп, тылдағы еңбек пен майдандағы қасірет сахналық кеңістікте шынайы өріледі. Мұнда ана – тек кейіпкер емес, ол – Жердің, адамзаттың және мәңгілік мейірімнің символы.

Айтматов шығармашылығына тән терең философия мен гуманистік ой спектакльде заманауи сахналық тілмен жаңғырады. Қуыршақ пен тірі актердің қатар өмір сүруі поэтикалық әлем құрып, көрерменді уақыт пен кеңістіктен тыс рухани кеңістікке жетелейді. Бұл туынды қазақ театр өнерінде бұрыннан сахналанып келе жатқан классикалық шығармаға жаңа тыныс береді. Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссерлік интерпретациясы кезінде Мемлекеттік сыйлыққа ие болған бұл трагедия бүгінгі күні Дина Жұмабаева қолында жаңа сахналық шешіммен қайта жаңғырып отыр.

Спектакль халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. 2018 жылы Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен «Айтматов және Театр» халықаралық фестивалінде «Қазылар алқасының арнайы жүлдесін» иеленсе, 2019 жылы Ресейдің Челябинск қаласында өткен «CHELoBEK ТЕАТРА» халықаралық фестивалінде сарапшылардың оң бағасына ие болған.
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры бұл қойылым арқылы көрерменді адамдық төзім, аналық махаббат және тарихи жады туралы ойлануға шақырды. Айтматов әлемі сахнада қайта тіріліп, әр жүрекке үн қатады.

Новости партнеров